ет қатынайды.
Шомнидың беделін көтеріп тұрған сол, самолет. Әйтпесе, құм арасындағы, «кенеп
масаханалар» мен тышқан аңдыған «екі аяқты мысықтарда» не қадір, не қасиет
болмақ? Құмның сайқымазақтары қылжақпен-ақ қаңғыртар еді.
Сөйтіп, қос қанатына айқыш-ұйқыш сым тартқан сары қоңыр самолет
«Жаңаөмір» кеңсесінің қүнбатыс жағындағы сусыз пұшпақ-сорға кеп ырылдап-
бырылдап әрең қонады. Бұдан бір жыл бұрын, алғаш қонғанда маңайдағы
ауылдың азан-қазаны шықты, суытулы талай ат шылбырын үзді, қазығын құлатты;
талай құлын желіге оралды, тіпті, тартынып үркіп, түйе екеш, түйеге шейін мұрнын
жырғызды. Кейін, көз үйрене, көлік үркуді қойды. Есесіне мотор үні естілгенде
малдан гөрі адам көбірек қобалжитынды шығарды. Қазаңқап тауының құбыла
тұмсығы үстінен кішкене қара меңнің көрінуі-ақ мұң, бәрі тырым-тырақай сортаңға
қарай, шұрқырай жүгіріседі. Мұндай кезде ересек кім, сәби кім – айыру қиын, бәрі
бала боп кетеді. Әдетте самолетті ілкі көргені, құдды қызыр көргендей, жүрегін
баса алмайды. Бала көрсе санын шапалақтайды, алақайлайды, үлкендер
ұстамдылық, көпті көрген көнелік етеді, құбыла көкжиекті иегімен мегзеп, қолын
шошайтады:
– К-кеп қалды!
– Кәне!
– Әне, әне, әне!– Ненің кеп қалғанын жұрт айна-қатесіз түсінеді, тұра-тұра
ұмтылысады. Бірақ самолет ешкімді қарық қып жарытпайды. Бірер бума у дәрі, не
аздаған азық-түлік түсіреді де, сорды бұрқырата дырылдап, қайта көтеріледі.
Жұрт қоңырайысып тұрады, тұрады да шаруаларына кіріседі. Ылғи осы. Самолет
қанша қатынағанмен табылып жатқан ауру жоқ, дақпырт қана. Қақпанға түскен
тышқанның өзін, күштілігі сондай, ұрып өлтіруге тура келеді.
Кеше қонған самолеттен байырғы жүктен бөлек үсті-басы ағал-жағал, зобаланып
біреу түскен.
9
Құмның малды адамы қатты тоғайған. Соның белгісі: итіне дейін самарқау,
ұйқышылдығымен қоймай, паң, кербез. Ақылын, қара басын қадыр тұтады. Ойдың
да қайдағы бір арсыз, асылық мазмұндысын ойлайды. Кәдімгі ит... О да ден
саулығын күтеді, бойын сылайды. Жатар алдында – міндетті түрде таза ауа, серуен.
Ұйқыдан тұрған соң керілу, созылу, есінеу – спорттық жаттығулар. Мұның бәрі
ақылды ие – адамға еліктеуден туған жайлар. Әрине, о кездің, қырдың кісісінде
мұндай мәдениет жоқ-ты. Бірақ, ит – көреген жұрт қой, таяу болашақты сезуі кәдік.
Сонымен...
Қорашылдың көзі жаңа ғана іліне берген, кірпігіне бармақтай қара шыбын
қонды. Көзін ашып қалса ұшып кетерін білді, бірақ итке де тыныштық керек қой,
шыбынға бола мазаланғысы келмеді, қасының үстін бірер тітіретті де тыным алды.
Иегін екі білегіне қойып жатыр. Киіз үйдің көлеңкесі іргеден бірте-бірте алыстап
барады Әлдеқайдағы біреулердің күңгір-күңгір сөзі мен шыбынның ызыңынан өзге
дыбыс жоқ. Оның өзі талып, сөніп жетеді: зың-зың, гүң-гүң. Басын еріне шайқады:
құлағының ұшына қонып ап, енді-енді ішіне ене бастаған кішкене боз шыбын
атылып ұшам деп жүнге оралып қалды. Содан құтылуға жанталасқан сайын
шырмала түсті. Иттің қытықсынып, құлақ-шекесін әлденеге үйкеп-үйкеп алғысы
келді. Әйткенмен кім ойға келгенін орындай береді, Қорашылдікі де соның бірі,
ойлады да қойды, қозғалуға ерінді. Еріншектік – үлкен мін, мінін өңге тұрмақ иттің
де мойындағысы келмейді, ол өзін, керісінше, мазасыз, күйгелек, аяғы мен аузына
тыным бермейтін аса бір белсенді жан иесі санайтын. Бүгіннің өзінде қанша көп
шаруа бітірді? Шіркін, төрт аяқты атаулы осындай, өзіндей болса, екі аяқтыға
жұмыс қалмас еді-ау. Таңертең үйдің іргесінен тұра сала керілді, өзін-өзі әр жерінен
жұлқып-түртіп, қасынды, сонсоң Ашаққа қарап аузын ашып есінеді. Жанынан өте
берген тарғыл мысыққа екі-үш мәрте ырылдады. Құманын алып далаға шыққан
иесіне – Әжекеңе екі-үш мезет құйрық бұлғап еркеледі. Сосын, ит-аяғына түнде,
жатарда құйылып ішуге тәбеті шаппаған асын асықпай ішті. Жаланып-жұқтанып
болғасын құдық шошақтан бергі ақ қабаққа барып, қылжия кетті. Со жерде денесіне
ыстық өткенше жатты. Одан есік алдындағы қызылтақ үстінде шай пісірім сенделді.
Әр жер, әр жерден тырбалаңдай жүгірген құмның сары батпаларын қуып көңіл
көтерді, қан таратты. Басқа – басқа батпаның қашқаны қандай қызық! Бұл
ешқайсысын ұстаған жоқ, ұстайын деген ниеті де болмайтын. Тек қызықтады.
Алдында жорғалағаны аздай, шыбыны шырқырап қорқып, қашып жатса... әй,
рахат-ай! Құдірет деген сол да. Қорашыл Құдай берген бағына, ірілігіне
масаттанғанда бар ғой... үріп кете жаздады. Мұндай кезде қайтушы еді әлі? Өзіңе-
өзің дән ырза боп сүйсінгенде, сол арқылы мақтанғың келгенде не істеуші едің, сен
адам? Ит қабақтың ең биік тұсына таңдап отырды. Сонсоң Ақсор жаққа қарап
аузын ашты. Көзі ештеңе көріп жарымайды. Үй маңын шолып байқады. Түйесін
жетектеп құдыққа беттеген иесі – тым кішкене, ұсақ көрінді. Сайда жайылып жатқан
төрт-бес бұзау, титтей-титтей қызыл қоңыздар тәрізді мардымсыз, қаршып-қаршып
жеп тастауға жаралған ба, қалай. Қалған тіршілікке көз тоқтатпады, өнімсіз,
өлердей кұйты. Қайтесің енді, бары сол да деген іспетті кешірімін, кеңдігін ойлап,
біраз уақыт өткізді. Дегенмен ұсақтау-ау, ұсақтау. Бұрын нағып байқамаған!