нынан әрең
көтерілді. Есікке бара беріп, артына қайта бұрылды.
– Бол, шық, пері құсамай!
– Апа,– деді Сағит. Апасы тізесін басып, ақсаңдай, ауызғы бөлмеге барып
қазандықтың көмейіне төнді, одан жарты таба шоқ алып, қайта оралғанша анау
айтар сөзіне дайындалып үлгірген.– Апа, мен Садықдзанды көріп келдім,
Аштарханнан көрдім!
Шал таң боп, қабағын кере көтерген. Саусақтары селкілдеп, сақалын тұтамдады.
Бұл қалай болғаны, бұл несі дейтін секілді. Төсегінің астынан алты тал шуда жібін
суырып, екі-екіден қосақтады, сонсоң бір шетін аузына тістеп, екінші жағын түйіп-
түйіп тастады. Мұның бәрі іштегі ой, сезім толқуын баса алмады білем, дастарқан
үстіндегі ақ нанның шетінен үзіп ап, соны уқалай берді. Онысы әп-сәтте қап-қара
боп шыға келді. Беті құс еттене қойды, көзі жасаурап, иек-еріні бозарып бара
жатты. Кемпір інісінің бетіне бақырайып, қатты да қалды. Көзінде нұр жоқ, бермен-
қабағы астында шүңірейіп жататын әрмән көзі сөніп, шыныланып кетті. Әлден
уақытта:
– Не дейді, жаным-ау, мынау не деп отыр,– даусы тарғыл-тарғыл боп естілді,
тамағын кенеймін деп жөтеліп қалды,– қарт-ау, қара қасқа-ау, мына ауыс неме не
айтып... қой қайда, түсіндірсейші Құдай үшін, қайдасың, бармысың?! Үрей болар
сорлыға көрініп жүрген?!– Әжекең ерінін қанша жыбырлатқанмен, ар жағынан сөз
шықпады. Қонақ дастарқанға ентелей түсті.
– Иә, Аштарханнан көрдім,– деп тамсанып-тамсанып жіберді, Сағит кемпірге
төрт атадан қосылатын. Теңіз бойын жайлаған атақты Қажытай байдың жалғыз
ұлы. Жасы қырық бес, қырық сегіздер шамасында. Ақылынан басқасынын бәрі
бүтін. Бала күнінде есті болған деседі. Бертін келе бірдеменің «салқыны салыпты».
Тамақтан басқаға қиянаты жоқ, шөмеле шөпті бір-ақ көтеретін күші бар.
Жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінде бүкіл Қажытай маңы түгел кәмпескеге
ілігіп, тозып кеткен көрінеді. Сағитқа ештеңе дарымайды, «бірдеңе салқынын
салған адам», өзі өлердей қаңғыбас, әкесі (шешесі бұрын өлген), екі немере ағасы
жер аударылғанда ел кезіп, тентіреп кетіп, білмей де қалған құсайды. Бұл үйге
ертеден үйір-тін, жас алшақтығына қарамастан Садықжанмен бірге өсті.
Қырқыншы жылға дейін осы төңіректегі үш-төрт үйдің құдығы мен пішені осы
Сағиттың мойнында-тын. Бір үйдің жұмысы – жұмыс емес, бір үйдің асы да
тойғызбайды. Сондықтан ылғи қаңғиды да жүреді. Садықжанның екі-ақ арманы
бар-ды: бірі – Сағитты шаршату, екіншісі – Сағитты тойғызу. Екеуін де орындай
алмады. Армиядан жазған хаттарында, кейде, Сағитты, нағашысын сұрайтын.
Қырық үшінші жылдың қысына шейін Сағит «апа», «дзезде» деп өңкеңдеп, жиі
соғып жүрді. Кейін жоғалып кеткен. Содан келіп отырғаны. Жер ауырда жаяу,
алыс жолдың шаршатқаны, тумасына деген сағыныш күйігі – бәрінің есесін
дастарқаннан, дәмнен қайырған соң, кейін шегініп.
– Иә, Аш-тар-қан-ннан көрдім,– деп, сұқ қолын шошайтып ап, кемпірге төнген.
Сенбесе көзін шұқып тастайтындай саусағын оңтайлап, бұрап-бұрап қойды.
– Апырай, шырағым-ай, жөндеп айтшы, не өзің сөйлеп отырғаның,– қарттың тілі
икемге енді келген, есі жаңа кіргендей, айнала алаң-жұлаң қарап,– мұндай
хабармен ойнамайды ғой, ойнай көрме, сүйт, шырағым,– деді. Үні барынша
байсалды, есті, әрі жалынышты естілді. Таудай қарт мына сынды ойда жоқ,
күтілмеген хабардан кейін мысық алдындағы тышқандай бүгежеңдей үбектеп,
бейшара болды да қалды. Қайтып тіл қатпады.
...Ол кез – қуаныштың өзінен қорқатын кез еді.
– Мына ауыш сорлы не дейді? Қойды көрдіңдер ме, әй? Жүрегімізді жарар
Құдай! Құдай, Құдай!– деп ентікті кемпір.
Сағит бырқ-бырқ күлді, бетінің әр жер, әр жері шымыр-шымыр етті. Астындағы
оты сөнбеген қатықсыз қара бөкпен құсап, бармақтай-бармақтай мең-безеулері
теуіп, быршып шықты. Кірден бедері, түсі белгісіз жеңімен жүзін олай-пұлай
жайпап өтті.
Терезе әйнегі (кеше жаңбыр жауған) айғыз-айғыз. Бір көзі екі бөлініп алдында
жатыр. Күл төбе жақта бұзау мөңірейді. Қыстау төбесінен дүрс-дүрс жүгіріп біреу
түскен. Құм, қоқыр сау-сау құйылды. Екі мысық баж-баж таласады. Біреуі алты көз
терезенің өн бойына жанталаса тырмысып, ештеңе өндіре алмады, әйнектен
тырнағы тая берді. Бостау бекітілген бір көз ішке құлаған – ернеуде тұрған ондық
шамның тұрбасы күл-парша болды.
– Қара қағынды келсін, қара қағынды келгір!
Сағит:
– Садықзанды көріп келдім мен. Аштарханнан. Иә-әә,– деді. Сөйдеді де
артындағы жастыққа жағын қойып, бір бүйіріне көлбей салды.
– Әй, Қажы ақамнан тумай кеткір-ау, үйелеп отырмысың, тұр! Жөніңді айт!
Қашан көрдің? Анық Садықжан ба? Басқа біреу ме? Құдай-ай, жалғызым-ай,
жүріп-жүріп тым құрса, есі бүтін біреуге де көрінбеді-ау.
– Төһ, апа,– Сағит екінші бүйіріне жайғаса, дүңк етіп,– төһ, апа, айттым ғой
көрдім деп. Садықзанды танымай мен. Дзиендзан дзақсы. Нағашы деп. Сәке деп,
дзомарт еді-ау. Қазының майынан маған шеңгелдеп асатып.
– Құдай құлқыныңды кептірсін сенің! Тамағыңа тас нетсін! Ойбай, ойбай!–Апасы
быж-тыж. Әбден ызаланған, күйінген кейіпте. Шын ниетімен, қарайып қарғайды.–
Татқан дәмің со болғыр-ау, қашан көрдің? Біз босақ қара қағаз