үңірең-үңірең етеді,– қапы
қалды ғой сорлы! Сұлудың еркек талғамайтынын қайдан білсін.
– Қабендікі дұрыс. Оның несі кетті! Талайды көрген қу ғой, сірә, есебін
жібермеген шығар, сыңайы солай, Қарашаш сөзі Қабеннің туыстарына жақсы
желеу болған. Олар Талжібекті келін етуге пәлендей ынтық емес-ті. Шешесі
Қошалаққа әйгі қояншық. Қыз, әп-әсем келбеті демесе, ол да бір күләйлан. Қолынан
домбырасы түспейді. Ән мен күй жүрген жерге жын-шайтан үйір. Екінің бірі,
егіздің сыңары Қабенжанға әперген қатыны қазан ұстамай, домбыра баптаса береке
қайдан кіреді? Керегеде домбыра тұрса – қазықтан ат кете ме?! Домбыра –
тыңдауға ғана жақсы. Ұстауға, әсіресе, әйел ұстаса бастан қиқу арылмас!
Пәленшенің домбырашы қатыны! Алла сақтасын! Қысқа аяқты адамның олшиып,
омырауын салақтатып, домбыра тартып отырғаны не жақсылық дейсіз! Ағасы
Сәмен болмаса шешесі мен жеңгесі әуелден-ақ осылай, қарсы-тын. Құдай сақтайын
десе сақтайды: Талжібек сықылды бәледен шаңырақтың құты, Қарашаштың
жындылығы арқасында, сөйтіп, оп-оңай құтылды. Тіпті Қабен сол ауылға бара
бастағаннан-ақ кемпір мен келіннің ішін құпия бір өрт жалаған. Баласы үйге
түнделете, әндетіп оралған сайын шешенің қаупі күшейе берді. Жеңгенің жағдайы
одан да қиын еді, Талжібек көркем қыз. Әрі өнерлі. Ақылды екенін және сезеді.
Жас, әдемі, өнерлі, ақылды! Осының біреуі де жарамай ма? Табиғат мұнша шашпа
болар ма! Осы төртеудің (жастық, сұлулық, өнер, ақыл) біреуін иемденсе де
Талжібек бұдан, Сәменнің әйелінен артық! Өзіңнен төрт есе үстем жаралған кісі
аулыңда жүрсе де күйік, үйіңде отырса, қайтіп қана күн көресің байғұсым-ау?!
Жеңгесі өзін көнбістер қатарына қосатын. Мақтамен бауыздайтын жұмсақ, астарлы
тілі бір жолы сыр алдырды.
– Еркежан-ай, қалыңдығыңнан үйренген күйіңді тартып жіберші. Тыңдап бір
жасап қалайық,– деп сыңқылдаған,– түнде тым кеш қайттың-ау, бүйте берсең бұл
үйге келуді қоярсың! Қыз Жібек пен Төлеген!
– Сандалмай отырсайшы!– Келіншек күйеуінің сөзін естімеген, елемеген шырай
берді.
– Бұл үйге де бір сұлу қатын енеді енді! Ене-ау, кәресіннің керегі бола қоймас.
Шам жағып қайтеміз. Беті бір үйді жарық қылмаса несі сұлу оның! Әлгі Қанипа
апайдың інісін айналдырып жүр еді, соған-ақ тие салмады ма екен, бишара,
тұзағына сен қайдан түсіп қалдың?– Сөзінің әсерін байқау үшін Қабеннің тура
көзіне үңілген. Қайнысы қызарақтап, не айтарын білмей састы. Ақыры анау ішіп-
жеп бара жатқасын, әйтеуір, бірдеңе айтып арылғысы кеп:
– Япыр-ай, жеңеше-ай, сізге-ақ кісі жақпайды,– деп басын шайқаған.
Жақпайтыны рас. Қыз атаулыны жіңішкелеп, күле кекеп отыратын жеңгесінің
қашанғы әдеті. Соны Сәмен жақсы біледі де, қолын бір сілтеп, теріс айналады.
– Сандала береді!
О күні де Қабен Қарашаш аулына кеткен, кідірмей оралды. Өң жоқ, түс жоқ. Екі
иығы салбырап, ат қазықтан үйге әрең жетті. Киімін шешпестен бүк түсіп жатып
алды. Содан кешке дейін бас көтермей қойған. Есесіне енелі-келінді екеудің қабағы
бірден жадырады:
– Құтылғаныңа қуан! Қабағыңды салбыратпа. Қошалақта не көп, қыз көп.
Шекесіне шертіп жүріп алып берем. Аз күн көңіл көтердің, жетер сол! – деді жеңе-
шесі.
...Осыдан бір жұма өткенде «Қабен Талжібекті талақ қып, Дыңғызылдың бір
байының жалғыз қызын алатын бопты» деген лақап жайылды. Лақап жұрттан
бұрын, әрине, Талжібектің құлағына шалынған-ды...

Қарашаштың басы көкірегіне құлаған, манағыдан әлі қимылсыз, әлі үнсіз.
Артынан, жауырынының ортасынан қарағанда, басы мүлде байқалмайды, тек,
желкесінде, қайырып байлаған бозғылт орамалдың екі ұшы, көжектің құлағы
секілді селтиеді. Манадан бері Әжімгерей қарт та осынау қара жон, қайратты
әйелдің көріне көзге кішірейіп, шөгіп бара жатқанын сезіп, бағып отырған.
– Саған не болған, шырағым-ау, қой әрі, таста мұныңды!
– Әншейін ғой, Әжеке, кісі шыдамайды екен. Обалына қалдым ба, қайттым!–
Бұдан кейін қайта бұзылды. «Обалына қалғаны несі?» Әжімгерей ештеңе жарып тү-
сіне алмады. Қарашаштың Қабенді қуып шыққанын қарт естіген, бірақ мән
бермеген-ді. Қарашаш болса, Қабен аулында не боп, не қойғанын, жалпы Қошалақ
бойы шулап отырған бұ жағдайды шұңғыл шал қатты аңғарып, өзінше бағасын
түйді, үкімін кесіп қойды деп ойлады.
Балаң да болса өзіңнен өзгенің тағдырына үлкендік, зорлық етудің шын өкініш-
күйігін ана көкірек сәл кейінірек шеккен, ал, о күні қашанғысынша булана, түтіндей
қайнап келген самаурыннан бірер шыны шай ішті де атына қонды. Қошалақтың
кеңсесіне, Темірәлінің үйіне тартты.

2
Темірәлі КПЗ-де алты айдан астам жатып, осы жылғы февральдың аяғында ғана
сотталған. Дәйім істің, қимылдың адамы қашан үкімі қойылғанша зерігіп бітті. Іс
жүргізушілердің белгілі жай басарлығы әбден титықтатып жіберген. Түрме
басшылары жұмасына бір мәрте камера аралайды, жұрттың хал-жайын сұрайды,
ешқайсысы Темақаңды аттап өткен емес.
Басқармаға шаруашылық зиянкесі деген айып тағылып, үкім кесілген. Темірәлі
сөзінде өзін ақтайтын ештеңе айтпады, тек ешқайда арыз, шағым жазбайтынын,
риза екенін білдірді. Мұнысы көзге ілініп, еленіп сотталғаны үшін әлдекімге алғыс
айт