I
– Балаңды құтты орнына қондырып қайттың ба, шырағым, ұзағынан
сүйіндірсін!
– Айтсын, айтсын! – Қарашаш осы сөздерді айтып сап, артынша тіл, ауыз
жеңілдігіне күйінді. Ойланбай сөйлегенінің өкінішінен лезде жүдеп, жасып кетті.
Әрі жүрегіне шөңгедей қадалған, сорып, шаншып мазалайтын өзгеге ұсақ, өзіне
ұлы қасіреті бар-ды, сол оянды. Айтсын, айтсын! Неменеге елпек қақты? Жетіскені
не? Әжімгерей оның бүкіл әлем-жәлем іші-баурын түгел көріп отырғанға ұсады,
содан, қараптан-қарап қуыстанды. Енді жасыру артық секілденді. Бәрін түгел
ақтаруға бір оқталған, іле айнып қалды. Тамағын кенеді, жөткірінді, сосын
кемсеңдеп қоя берді:
– Әжеке-ай, қайт дейсің? Жалғыз қалдым ғой, жалғыз!– Қарашаштың неге бұлай
дейтінін қарт ұғынбайды емес. Сондықтан кешіреді де. Әйтсе де, жалғызы несі? Бір
қолын бергенмен баласы аман келді. Бұл – үйге екі бірдей азамат кіргенге есеп.
Күні ертең немере сүйгелі отыр. Шаруа шалт. Адам деген таса береді-ау. Бой
жеткен қызды әншейін ес санамасаң, сүйеніш, серік қайдан болсын! Қыздың жасы
он алтыға келгесін-ақ қолы істе, көзі ат қазық жақта жүреді. Үйге жастау қонақ
келсе қызарып, қуарып, өз-өзінен әлек-шәлегі шығады. Бір сәтте байырғы қимыл-
қозғалысының бәрін ұмытып, жаңадан жүріс шығарады, мәнер ойлап табады.
Жасанды қылық бірден қайдан жараса қойсын, жараспайды. Бой жеткендіктің
әуресі. Ұстаған ыдыс-аяғында да береке аз. Қарашаштың Талжібегін ұзатылардан
бірер ай бұрын көргені бар. Сонда үйге, Әжекеңнің үстіне, «мал қарап» жүрген бір
жас келген. Со жігіт шай ішіп аттанғанша қыз үш кесе сындырды. Не ұстаса – сол
қолынан сырғып түседі, ыдыс сынған шақта шешесі үбектеп: «байқасаңшы,
айналып кетейін-ау» дейді. Бүйтіп, еркек келген сайын қирай берсе Қарашаш үйінде
шыны қалмас! Қайдан байқасын: төрде әп-әсем жігіт отыр, өзі әп-әсем қыз. Сонда-
ақ қарт: «Әй, шарағым-ай, сені де бөтен ауылдың дәмі тартып жүр екен» деп
түйген. Сол есінде қапты және ауыл адамдары түгелімен өзін мұңдас қып алғанын
ойлап, сыңар танауымен бір күлді.
– Қарашаш, олай деме. Жат жұрттық баланың жасы келгесін босағасын тапқаны
мақұл. Шүкір, Жібегің сүтіңді ақтады, жаман атын жайып, сүйек сындырған жоқ,
бесігінің табын жоймай есігіне жетті, қайта қуану керек. Жалғыз деген сөз жаман,
оны неге айтасың?! Азамат ұлың бар, шүкір ет, шырақ, шүкір ғой, Құдайға мың
шүкір,– деді.
Әжекеңнің өзі екі қыз ұзатқан. Екеуіне де қатты қайғырды. Әсіресе, соңғы, кенже
қызын аттандырғанда сақалын жуып жылаған. Онысы ойынан шығып кетті. Анау
үй иесінін жұбатуына басын изеді. Сонсоң: «сөзіңіз өте орынды, бірақ мұның маған
қатысы қанша» деген кісіше, аңтарыла қалды. Қарт енді аңғарды: Қарашаштың
қайырып байлаған орамалы астынан көрінген самай шашы аппақ. Таза, жұмсақ
ағарыпты. Қалың маңдайы бұрын да әжімді-тін. Қасының үстінен шашының етегіне
дейінгі иректер бұрынғыдан да көбейген. Тағы, жаңа бір сызық пайда бопты. Ол
қасқа маңдайынан тіп-тік түсіпті де, екі қастың ортасынан аса беріп, кілт үзіліпті.
Сызаттап келіп құмға сіңген жыраңқалы жалқы бұлақ секілді.
* * *
Соңғы бір жылда Қарашаштың кызына құда түспеген кісі кемде-кем. Қошалақ
өлкесін былай қойғанда, мына шеті Қанішкен, жаппас Дыңғызылы, Мыңтөбе
жігіттерінің, бет жылтыры барларынан Талжібекке қырындамағаны аз. Иек
астындағы Еділханды не қызы, не шешесі жактырмады. «Тілші жолдасқа»
бойжеткеннің өзі қарсы болды. Қалғандары ол үйден шай ішуге ғана жараған.
Осы «қалғандар» тізіміне ілікпеген жалғыз-ақ жігіт «Қызыләскер» колхозынан-ды.
Есімі Қабен. Құрбы-құрдас, ағайын-туыстары Қабеш, Қабжан, Қабе деп атайды. Ал
жеңгесінің қойған аты Еркежан.
– Еркежан деп қайынсіңліге, қызға айтпай ма?
– Менің еркем кем бе екен!– Жеңгесі бұны айтқанда көктемгі тал-шыбықтай
майысады. Қабен расында қыздай жігіт. Жұқалап, сыздықтата отырып әзіл айтады.
Сызылтып ән салады. Сып-сыпайы жымияды, жып-жылы етіп күледі. Оң жақ
бетінде шұқыры бар, әсіресе, жымиғаны-ақ әдемі. Талжібектің көңілі сол Қабенге
бірден құлады. Ол келсе шай құюы өзгеріп сала беретін. Басқа мінез, қылық өз
алдына, домбырасы да Қабен алдында ерекше сөйлер еді. Көркін, жастығын
(Қабен Талжібектен сегіз-тоғыз жас үлкен-ді) азсынғандай, өнерімен көзге түскісі,
көрінгісі келіп бақты. Бастапқыда сыйлы көршінің жалғыз қызының жастығынан,
сұлулығынан қаймығып, өз ішін ашуға жүрегі дауаламай жүрген жігіт анық, ашық
ыңғайды танығасын ғана батыл еткен. Сөйтіп, екі жас тез ұғысып, тез табысып
бара жатты. Өмірәлінің әскерден жаңа келген, айналаға, ағайынға қадырлы кезі-тін.
Ол да бұл сықылды заңды жарастықты іштей ұнатып, қолдап жүрді. Болашақ
күйеу баладан гөрі Қабен ескі досы, сырласы іспетті еді.
– Өмеке, бүгін пәлен ауылға қыдырып қайтсақ қайтеді?
– Мені қайтейін деп ең.– Өмірәлі мұңая жымияды, іле қайта серпіліп,
катуланғансиды,– байқа мен Жібекжанның жеңгесі емеспін, таяқ жеп қалып
жүрме!– Сырттай қараған жан бұл үшеуінің ой, сезім үндестігіне таңданатын. Бірақ
жұрт күндеп те, сүйсініп те үлгіре алмады. Бәлкім, ерте жесір ғап,