Құмның қурайының иісіне үйренген мұрыны гүл жұпарын ажырата алмады.
Күлгенде көмекейі көрінетін адал, аңқау жұрттың ортасында өсіп, содан тәлім
тапқан пәк жан – сол, сәби күйінде қалып қойды. Астанадағы зиялы қауымның
жанарында жылыған күлкі кілегейінің астында жатқан ақыл, астарды аңғармады,
түсінбеді. Өмірге, тұрмысқа қажетті көп нәрседен мақұрым, тәтті қиял мен азғана
таланттың қожасы, үлкен жерде сүйікті өнерді өркендетуге, оның рақат, азабына
төзетін бел-ұстамы, атақ-даңқын тұрақтатуға дайындығы жоқ, мықынсыз жас
болатын. Ол табыстан басы айналып, барына мақтанып та емес, қабілет дарынының
қадір-қасиетіне жетпей жығылып бара жатты, қолтықтап сүйер қуатты қол да бірен-
саран. Мұнша лез, оңай бақыттан үміттенуге де батпайтын, жаратылысынан ұяң,
кішік жан өзінің жаңа жағдайы мен үп-үлкен фамилиясы алдында шамды айналған
көбелектей билік-еркінен айырылған-ды. Әрі, Садықжановтан әлдеқайда тәрбиелі,
парықты таланттардың өздері отыз, қырық, тіпті ғұмыр бойы тер тегіп, сонда да
арман ғып қана өтетін көпшілік пейілі, бұған тым тез ауып еді. Сөйтіп, талант
атаулының қиялын қозғап, арманын оятатын ұлы күш, жалықпай жүрген аяқтың
жетер жер, шығар биігі, тозыға қартайып, кейде, тіпті өліп ұмтылғанда алар асылы,
сарп еткен ғұмыры мен қисапсыз төккен теріне төленетін жалғыз-ақ лайықты
қазына, татымды – халық махаббаты, аяғы астынан табан тірер берік ештеңе тауып
үлгермеген өнер перзенті – Қошалақтың қара баласы үшін баянсыз қуаныш, арзан
дастарқан, сатулы ішімдіктің ағынсыз тұңғиығына айналды; сүйрей сорып, көз
көрмеген бір құрдымға батырып бара жатты...
14
Күздің қалың нөсерге енер тұсы еді. Қоңыр сұр, кисельдей ыбыжыған
қоймалжың бұлттың бауыры ағаш бастарына оралады, бірақ жыртылмайды, тым
ұлпа, ұяң. Тамшылардың ұсақтығы – шаң сияқты, кісінің үстін көзге көрінбей
сулайтын нағыз жегі, жымысқы жаңбыр. Күннің жауып тұрғанын үй
шатырларының бұрыш-бұрышын сыздықтай сорғалаған суға қарап аңғарасың.
Ауық-ауық үзілген жапырақ желімге малынғандай, түскен жеріне бірден жабыса
қалады. Асфальт суық жалтырайды, әр жерінде шикіл сары бояудың мол
тамшысындай дақ – сол, жапырақтар. Көше тұйық болатын. Кілең төрт қатарлы,
түр-түсі де біркелкі – сары балконды тас-тарғыл үйлер жерге төніп, салбырап
алған аспанға шифрлы жондарын тосады. Әншейінде ашық-шашық тіршілік
жасырына, жинақтала қапты. Балкондағы судан сұрқайланған жіптерде сирек кір-
қыстырғыштар... Әлдеқайдан ұйтқып жел соқты. Ағаштар бірер мәрте сілкініп еді,
судырамады, сыбыс жоқ. Некен-саяқ жаяулардың тақаларының тықылы ғана. О да
дым, сыз ауада тұншығып естіледі. Кенет көшенің екі жағы – орам, үй, ағаштармен
қоса ауытқып қоя берді. Біресе оң жақ, біресе сол жақ. Оң қанат, сол қанат, оң
қанат, сол қанат. Ауыр толқыған теңіз бетіндегі кемедей батып шығып, батып
шығып ап, бір қалыпты шайқалады: оң жақ, сол жақ, оң жақ... Сол жағындағы,
бұрышында қою қара сырмен жазылған 14 таңбасы бар үйге беттеп келеді. Есігінің
қақ көзінде, емен бе терек пе, түбіне кісі сиып отырардай ұңғыл, ойығы бар зор
ағашты нысанаға алған, о да бір батып, бір шығып, шайқалып тұр. Сирек
жапырағының жартылай көк, жартылай сары біреуі дембіл-дембіл қозғалып қояды.
Ылғи да дір қағып, әлсіреп тұратын сабағы енді бір бұралғанда үзіліп түсетіндей
көрінеді. Келесі сәтте көрінбей кетті. Құлағаны ма? Жоқ, қырынан кеп қалған екен,
аман-сау орнында...
«Жизнь такова». Ойына осы тіркес оралған. Бірден-бір ұнатпайтын сөзі. Бұ
тіркеске бәрі сияды. Мағынасы: алдансаң – өкінбе, құласаң – тізеңді қағып түрегел,
біреу аяғыңнан екі шалса – сен он шал, әйтеуір ештеңеден жиіркенбе, өйтпесең өмір
сүре алмайсың! Күрес, алыс, жұлыс, тарт, тісте, тек есебін ретін келтір де ала бер,
ала бер. Беру ме? Ауысса – бер, бірақ көрсетіп бер! Міне, мен мынадай беріп
отырмын деп жаһанға жар сал. Әне, ақылды адам сөйтеді. «Жизнь такованың» өз
түсінігіндегі мән-мазмұны. Неге екені белгісіз, Жарқыновты орнынан алып тастапты
дегенді естігенде жадына келгені: «Жизнь такова». Содан кейін барып таңданды.
«Жарқыновты алып тастапты». «Қалай, кім алып тастайды? Неге? Бұ хабарды
жеткізген ұзын, жылмыңдау сары жігіт біраз халық әніне вариация жазған
композитор – Жарқыновтың қол ас-тында істейтін. Жөкелеп жүгіргенін талай көрді.
Енді былай сайрайды: «барып тұрған демагог, оның үстіне селт етпейтін ескішіл,
бақ, дәрежеқұмар адам». Содан саудырап сөйлей жөнелді. Жайшылықта
Жолымболдан әлдеқайда тәкаппар жігіт бүгін ерек көп сөйледі. Қуанғаны ма,
қайғырғаны ма? Түскен бастықты түгел жамандайтын пәнделік қулықты бұ да
ұғынатын-ды. Жігіттің әлгі пікірін естігенде жыны ұстады: кеше ғана кебісін қойып
жүріп, қарашы, айтып тұрғанын? Мұнысын, жаңадан келетін кісіге жағынуы деп
шамалаған.
– Жарқыновтан не зиян шектің, не істеді саған? – Бұ сұрақты шынымен ренжіп,
теріс жауап қатса тиісе кетер сөзін дайындап қойып берген. Анау толы стакан
шампанды көтере тастады. Сонсоң, қоңыр кәмпиттің бірісін, арасын ағ