лды Кемел, алғыр Кемел, тапқыр Кемел, дос Кемел... бір
жұмадан соң бітіреді. Қызметі белгілі. Бөтен ортаға түседі, жаңа дос, жаңа таныс
табады. Онсыз да жаңарып, жасарып тұратын ой-пікірі өзгеріп сала береді. Мұны
бұрынғыдай түсінбейді, сүймейді. «Дос, жолдас деген бүгінде жоқ, керек кісі ғана
бар». Осыны бір кинодан түйгенім деп жүр. Керек адам? Бұл кімнің керегіне
жарайды? Ол – ол ма, күні ертең Кемел үйленеді, тұрмыс құрады. Тұрмысқа
Идаяттың әндерінен гөрі шәй ішетін кетік кесе қымбат, өйткені керек. Осы сәт
көкірегі қарс айырыла жаздап, қараптан-қарап жалғызсырап, құлазып жүре берді.
Кемелді тұңғыш рет алда тұрған үйленуден – қайдағы бір бейтаныс әйелден
қызғанды. «Адамдармен тіл табу керек». Мұның күні ертең-ақ алапестің
моласындай жалғыз қалатынын сездіргені екен-ау?! Басқаша қалай жеткізсін. Мен
кеттім, өмір қатал, өз күніңді өзің көр – дегені ғой? Жарайды, рақмет! Бұ да тірі
жан, өлмес. Таныстықтың өзін бақыт санап жүрген жұрт доссыз қоймас, қалдырмас
далаға! Жарайды, жарайды! Ал, кет. Ізде керек адамыңды! Өстіп, композитор
досына тағы да өкпе артып бара жатқанын сезбеді. Тек, жаңадан «дос» табу
керек деп түйді. Бұнысының қаншалықты аңқау, желбас шешім екенін де ойлап
жатпады, әйтеуір мұндай түйінге келгенде, неге екені белгісіз, жеңілдей, айызы қана
күрсінетін. Бұл жолы да сөйтті. Ал? Қайдан, қалай бастаған жөн? Ақын жанынан,
поэзияның адалдығынан үміт етті ме, әлде басқа ма беймәлім, бірден редакцияға,
кешегі ақынға тартты. Редакция екі үлкен көшенің қиылысқан бұрышында-тын,
жеткенше талай адам кезікті. Көрінгенге иіліп, аман-сау ишарасын жасады. Жүз
таныс біреулермен тұра қап хал-жай сұрасты. Енді біреулер мұны қолынан
жетектеп апарып, шампанмен сыйлады. Олар қашан қоштасқанша айналадағылар
естісін деген кісіше оңды-солды самбырлап, мұның атын қайталап бітті, бірі: Мынау
әлгі Идаят Садықжанов деген композиторымыз, Садықжанов, бұл екеуіміз ертеден
дос, жолдас едік, өй аузыңды – деп те жіберді.
Үшінші қабат қарбалас, дамылсыз сыртылдаған машинка, шиқылдай,
сықырлай ашылып-жабылған есік, ерсілі-қарсылы қапыла сапырылысқан жұрт;
бірінен-біріне шығып, аш ішектей бұралған болмелерде береке шамалы, бұл
кішкене коридорда ашық жатқан үш есіктің қайсысына кірерін білмей аңырып
тұрған, мұрыны мен екі бетінің ұшы қып-қызыл, езуінде сигареті, қолында етегін
қайырып ұстаған бес-алты парақ қағазы бар дембелше жігіт оң жақтағы есіктен
асыға шығып, мұның иығын қаға тоқтады. Идаят кешірім сұрауын күткен, ананың
қылығынан ондай ештеңе байқалмады, қайта қабағын шытты: Сізге кім керек? Бұл,
қапелімде аузына сөз түспей:
– Ақын, ақын керек еді,– деп абдырады.
– Ақын көп бізде, мына мен де дегендей, сол ауылдан. – Садықжанов енді ғана
ойын билеп:
– Тоқтасын,– деді, фамилиясын бәрібір есіне келтіре алмады. Жігіт қоңырайып
қалды, өзін іздемей, бөтен ақынды сұрағанға көңілі бітпеген секілді, қарсыдағы
есікті иегімен нұсқады да, жөніне кетті. Идаяттың бұндай көпшілік құрметтейтін,
әсіресе жастар арасында беделді газеттің редакциясын алғаш көруі-тін, үйді,
бөлмелерді қорашсынғанымен әлгі жігіт мегзеген есік табалдырығын жүрексіне
аттады. Біріне-бірін тақай қойылған жазу столдарына тары шоқитындай
тұмсықтарымен қадалған қызметкерлер тарсыл-тұрсылсыз жылысып кірген
қонақты дереу аңғарып, біртіндеп бастарын көтере берді. Кешегіні бірден таныды.
Ол орнынан жартылай көтеріліп, қолын ұсынды. Сонсоң:
– Композитор Садықжанов, менің жолдасым,– деп қалғандарына
таныстырды. Жігіттер тұс-тұстан жамырай амандаса бастады, Ұзын бойлы,
сыптығыр біреу есіктен:
– Сәлім, әлгі жүн, жүннің материалы қайда? Спортты тездетіңдер,– деп
дауыстады. Іле екі-үш қыз-келіншек сығалады. Ақын:
– Менің досым Идаят Садықжанов,– деп қайталады. Олар мұны редактордың
кабинетіне алып кірді. Таныстырды, әңгіме-әзілдерін айтысты. Редактор
лауазымымен салыстырғанда кішік, жай; қарапайым жігітті жылы қабылдаған.
– Келіп тұрыңыз,– мұның күткені: «Келіп тұр, айналайын» болатын.
Ақын бастап жүріп, басқа бөлмелердің жігіттерімен жүздестірді.
Құдды, шет елдің адамы құсатып, әркімге бір емпілдетіп бітті. Бұл кім еді
сонша! Бір бүйірінен өстіп ойлап, ұнатпағанымен, екінші бүйірінің қараңғы бір
түкпірі осыны қалайтынын және сезді. Көпшілік мәдениет, көргенділік көрсетіп
жатқан соң бұ да ептеп мектеп өткенін істеді: біраздан қалтасында жүрген әнін
қалдырып, алдын ала рақмет айтты да, асыға қоштасқан.
Коммунист проспектісіне қайта түсіп, жоғары аяңдады. Сонсоң бір рет оңға,
үш рет солға бұрылды. Кітап сөзімен айтқанда, жанын қоярға жер жоқ, беталды
сенделіп келе жатқан, опера театрының күншығыс тұсынан әншіні, Соняның әкесін
кездестірді. Әнеугі оқиғадан кейін жолықпаған-ды. Ойда жоқта қарсы кеп
қалғанына, әуелі мықтап шошынып еді, артынша қуанып калды. Барынша көңілді,
жарқырай сәлем берген, әншінің оң жақ қасының үсті әнтек көтеріліп кетті, екінші
қасы бірер мәрте тартып, дірілдеп қойды, сосын;
– Ие, бала, хал күй қалай?– деді. Бұл назарын тез т