да-жылында бір ат байланады. Барған адамды Қарашаш баласындай
күтетін көрінеді. Асты-үстіне түсіп, садаға-зекет боп әбден сыйлап-сықамай жібермейді
деседі. Өзі шақыртпай ешқайда қыдырмайды. Еркінсіп, еркелеп баратыны жалғыз
Әжімгерей қарттың үйі. Соның үйінен басқаны шақырмайды да. Сол жұмбақ тірліктен
бе, әйтеуір, осы өлкеде әйел атаулыдан одан қаймықпайтыны кемде-кем. Әсіресе
аяғының желі бар, жесір, жас келіншектер жағы жаман қорқады. Дүниеде ақылды
болғысы келмейтін ақымақ болмайды ғой. Сондай осалдық әйел затында әсіресе көп.
Жаулығын көпірте тартып, көрінгенге ақыл үйрететін ауылдың бәйбіше билері жұрт
көзінше мұнымен сөз таластыруға сескенеді. Бедел атаулының бетіне түкіріп қарайтын
Қарашаш, кім болса ол болсын бір-ер қылығын, не бір сөзін ұнатпай қалған адамына:
– Әй, хақымақсың-ау, анаңды...– деп дүңк еткізуден дүз жанбайды. Ақылды боп
үйренген адамға бұдан артық соққы бола ма! Және ауыл арасында мұндай сөз үлде
мен бүлдеге оранып, неше түрлі бояумен, мән-мағынамен тарайтыны тағы бар.
Пәленшекеңнің бәйбішесіне, түгеншекеңнің көзінше, пәленше пәлен депті... Құдай
сақтасын, беті әрмен кәпірдің! Әйелдер қауымының ойлайтыны осы. Еркектер...
қатынмен қатын боп қайтеміз дейді. Сол «беті әрмен» мен «қайтеміздің» ортасында,
ылғи тоқал ешкілердің арасындағы мүйізі қарағайдай жалғыз серке құсап Қарашаш
жүр. Қыста мақталы күрте-шалбар, қонышы тізесінен асатын қара бұлғары етік
киеді. Шілдеде, күн ыстықта амалсыз әйел киімін киюге мәжбүр. Баласы барда бұ да
жылқы баққан. Содан қалған әдет шығар, жазда үйінің белдеуінде, қыста ауыз үйінде
ұзын, қайыс баулы құрық тұрады. Қайыс бау қурап, сынып кетпес үшін күн сайын
майлап қояды. Ер-тұрманды еркектен бетер, бапты ұстайды. Жыланбасты сынастыра
қадаған қара былғары өмілдірік-құйысқаны, сол түстес қайыспен қапталған жайпақ
қалмақ ері, күміс жалатқан үзеңгісі, тобылғы сабын қара бағдарлы күміспен әсемдеген
қамшысы болады. Атқа жүргені де бір түрлі: тақымына ат тисе болды, әкесінің
жаназасына кісі жинап жүргендей, тура шабады. Ғұмыры ат суытпайды. Ақ көбік етіп
шауып-шауып келеді де, ер-тұрманын сыпырып алып отқа жібереді. Басқа кісінің
мінген аты, мұндайда арқасы ісіп, көзі кіртиіп шыға келер еді. Қарашашқа біткен ат,
суытпай жіберген сайын, сауыры дөңгеленіп, түгі жылтырай түседі. Аттың аяңымен
жүретін адамдарды ата жауындай көреді. Ондайлар туралы: «мінген атын да терлете
алмайтын ез ғой», – деп, жиіркене, тыжырына сөйлейді. Үйіне оқта-текте бір келетін,
сирек қонақтың ол алдымен қамшысына, сонсоң балағына қарайды. Қамшысы мен
балағы ақ сортаңданып тұрса Қарашаштың маңдайы жазылып қалады.
Көзіне айтпаса да, сыртынан жұрт мұны «еркек қатын» атайды. Шынында
желкесіне ғана өлшеп қиған қара буырыл шашы, қалың қабағы, жуан, мыртық
саусақтары, түк қаптаған көнтек еріні, ойнақылықтан жұрдай суық, сұрқай көздері
«еркек» деген сөзді қолданбасыңа қоймайды. Ал, қатын дегізетін: көпшік
құшақтағандай тоқ омырауы мен бес батпан бөксесі...
3

– Бұл үйдің шайы қайнай ма, жоқ па?!– Темірәлі басқарма есіктен күйіп-пісіп,
жұлынып кірді. Төңкерулі жез шылапшынның үстіне отыра қалып, аяғындағы батпақ-
батпақ үлкен керзі етігін жұлқып шешті, самаурын жанында күйбеңдеп жүрген
әйеліне қарай лақтырып-лақтырып жіберді. Ақ-сарғыш бумазей шұлғаудың бірі
етіктің ішінде кетті, екіншісін сүйрете-мүйрете төрге шықты. Төрде жаюлы, төрт
жерінде қара бастырмасы бар қалың, ала шыт төсекке отыра берді де, ұшып қайта
тұрды. Екі қолын мақталы шалбарының қалтасына салып, кең бөлмеде әрлі-берлі
ойланып, ыдырынып жүр.
– Әй, бұл шай беретін үй ме деймін мен саған? – деді ақиып.
– Қазір, қазір!– деді әйелі. «Өзің жаңа кіріп жатқан жоқсың ба, не жаның шықты
сонша»,– дегенді ішінен айтты. Мұндайда оған қарсы сөз айтудың арты жақсылыққа
соқпайтынын әбден біліп болған әйел, шайы әлі дайын болмаса да, леген, ыдыс-аяқ,
ол-пұлдарын әкеліп жайып, қарбаласып, асыққан кейіп танытты.
Асығына оралып-тарқатылып еріп жүрген шұлғауды Темірәлі жаңа байқады.
Аяғын сілке, тебіне серпіп тастады, аздап дым тартқан шұлғау анандай жерге жалп
етті. Дастарқан жайылып, қайқы ерін темір табақша толы, күмпиіп-күмпиіп піскен ақ
бауырсақ, жарты таба қатып қалған қара ұнның наны, бір тас-табақ сары май
қойылды. Басқарма, сені қайдан көрдім осы, есіме түсіре алмай-ақ отырғаным деген
кісіше, ақ бауырсаққа тесірейіп қарап алды да, қолының сыртымен табақты итеріп кеп
қалды. Табақ сырғып барып, шай құюға жаңа отыра берген әйелінің бөксесіне тиді.
Бетінен бес-алты бауырсақ секіріп-секіріп түсті.
– Ләпкені тапсыр дегенім қайда?
– Дәмелі қазір ала алмаймын, аурумын дейді.
– Неғылған ауру? Жерік шығар ол атаңа нәлет?
– ?
– Бізді жұрт дастарқанға ақ бауырсақ шашады,– деп аңыз етеді.
– Елдің көбі сұлының нанына қарады. Сен болсаң ақ бауырсақты табақтап...
Басқарманың ақ сазан қатыны... Таңертең апарып қой бағуға салам, үйтетін болса...
Мына айтып отырғаны Темірәлінің өз сөзі емес-тін. Мана қыс түскелі бара алмаған
ауылдарын аралаған. Сонда Қарашашқ