н жырылған, бір жұмыста екі айдан артық
тұрақтамайтын «серілерді». Бәріміз де думанды ұнататынбыз, бірақ думан
атаулымыздың аяғы төбелеске айналатын. Әдетте шатақты кім бастаса –
таяқты сол жейді ғой, содан шығар құйқасы сыдырылып, көзі ісетін де,
милицияның қолына түсетін де – мен болдым. Ал ұрыс-жанжалдың неден,
қалай тұтанғанын ертесіне қанша ойлап, есіме келтіре алмайтынмын. Әлі
де солай, қазір менде ойланатын уақыт көп, толғанған сайын пышырап,
ертеңенің басы бірікпейді. Жалпы, ішімдікке берілген адамның өкше ізі
бітіп, өшіп отыратын сияқты. Кейде маған өткен тірлігімнің ұлылы-кішілі
оқиғаларын ұстап сақтайтын ми қатпарым айдаладағы сусыма құмдай
ысқырып көшіп кеткенге ұсайды. Әр тұста ықтасынға үйіріліп қалған
қиқым-сиқым осы хатты жазу үстінде ғана жадыма оралып отыр. О да
белгілі жүйесіз, үзік-үзік, еміс-еміс бірдеңе. Қай жерге келіп ем әлі? Иә,
сөйтіп, азып бара жаттым. Бірте-бірте маңымда адам қалмады, түгел
безініп алды. Тұстас, жолдастарымның үй ішіне жексұрын атандым. Бәрі
менен көрді. Біреу ішіп, бір жерде дауыс көтерсе – мен айыпты, біреудің
машинасы Қанішкеннің көп батпағына батса, біреудің баласы сабаққа
кешіксе, қойшы әйтеуір, қайсыбірін теріп бітейін, бәрі менің қырсығым,
менің ықпалым танылды. Кейін келе өзімнен өзім қуыстанатынды
шығардым. Самаркінде бір кемпірдің бұзауы еміп қойса – мені қарғап
жатқан сияқтанды, біреудің үйінде кесе сынса – сыңғыры құлағыма
шалынды... Өстіп өзімді өзім азаптаумен күндер өте берді. Ішімдіктен
көңіл сергімейтінін сонда білдім. Әуелгіде қызық көрінген көп нәрсе енді
бүтіндей басқа қырынан шалынды. Енді арақты бұрынғыдай достар,
мәжіліс, көңіл үшін емес, күйіп, күйініп ішетін ауру таптым. Сол сол-ақ
екен, тапқаным – күйік, кигенім, көргенім, білгенім түгел күйік боп,
ауызым күйік татып жүре берді. Істемеген мекемем қалмады. Дүниедегі ең
қажет мамандық – шоферлік пе деп ойлаймын, мені әлгі бұж-бұж талонмен
талай басшы қызметке қосты, талқының да, ұрыстың да не сүлейін естідім.
Барлық жерде – адам, бәрі өкпелейді, ашуланады, ұялтады, қорқы-тады.
Әрқайсысы өзінше араласып-ақ бақты. Бірі жаптыру жөн деді, бірі
кешірейік деді. Бірі шырт түкіріп кесіп тастады: «соттау керек!» Неғылса
да тәуір кісілер жиі ұшырасты, талай басшы, ауылдың кемпір-шалдарына
шейін ұрсып; қарғап-сілеп ап ара түсті. Мен оның бәрін баяғы атамның
беделі ұғып қыңырайдым. Және неге екенін қайдам, соның бәрі болмаса
да, әйтеуір бір сөздің, не қимыл-әрекеттің бір жағынан ылғи өтірік, есеп,
айла-шарғы көрдім де тұрдым. Айламен аман қалғанша шын қылығыммен
құрығанымды артық санадым. Иә, әзір де осылай ойлаймын. Тағы да
негізгі айтарымнан ауытқып барам да? Мақұл. Төтесіне көшейін: шешем
жиі сырқат-танатын. Жүрегінің үйреншікті талмасы болды, әкем бейбақ
ылғи үбектеп отыратын-ды. Оның көп аянышты сөздерінен есімде
қалғаны: «Ақшәйіні ренжітуге болмайды». Қазір соған күлкім келеді. Әйел
ренжітпейтін күйеу болғанмен, кісі кейітпейтін тұрмысты қалай жасамақ
екен?! Кейде әкемнің сол пейілінің өзі өтірік секілді көрінеді. Бір ішіп
келгенімде шешемнің: «қарағым-ай, қарғадайыңнан бауырымызға басып
ек, обалыңа ортақ болдық па, қайттім» дегенін естіп, мас кісі кіді келеді
ғой, әлгі сөзге жармаса кеттім. Қайратты, салмақ, мысы мол кісі еді,
жарытып ештеңе айтпай қойды. Түрлі түсті, жылы, жалтарма сөздермен
құтылғысы келгенін сездім де, қыстап жалған айтқызуға аяп, ұмытқан
сыңай таныттым. Әйткенмен ол сөз есімнен шықпады, бір бүйіріме
қадалды да жүрді. Менен жасырын сұмдық бірдеңенің бар екенін сездім.
Қанша ұмытайын, ескермейін десем де әлім жетпеді. Бұ қалай?
«Қарғадайыңнан бауырымызға басып ек». Қай ана ішінен шыққан
баласына бұлай сөйлейді? Осы мезетте жолдас-жораның, әзіл-қалжың,
кекету-мұқатулары да жадыңа оралады екен, жайшылықта еленбейтін
сөздер бір түрлі қарауытып, әрқайсысының астында астар, масқара бір
көмбе жатқандай жанымды жидітіп бітті. Күдік күн санап өсіп, жаңа дәлел,
жаңа астармен шұғыл қалыңдап бара жатты. Ел анау қауіп, мынау қатер
деседі ғой, меніңше, ең үлкен дерт – күдік. Бұл тірілей-ақ ішек-қарын,
өкпе-бауырыңды шикі жейтін жегі, мен осыны басымнан кештім. Ине
жұтқан иттей боп әрі жүрдім, бері жүрдім, ақыры ертегілердің бірінде,
қайсысы екені есімде жоқ, бір ұл анасының алақанына қуырылған ыстық
бидай қысып, шынын айтқызатын еді ғой, ойыма сол түскенде бірден
асханаға тарттым. Қайтсем де шешеме шындықты айтқызу мақсұт болды.
О, со бір пиғылды әкелген минутты лағнат атсын дағы. Мен оны ғұмыр
бақи ұмытпаймын. Содан... аспаздың лөкір пышағын жымқырып қойныма
тыға шыққам, көзімді шыныландырып жіберіп, түсімді барынша суытып,
үйге ендім. Кіре пышағымды суырып ап, қарлыға ақырдым: «Апа, ішіңді
түгел ақтармасаң, мынаумен жарып алам» деп тұтықтым. Ол талып
жығылды. Тілі байланып үш күн жатты. Оң жақ жартысынан пәрелеш
ұрыпты. Дәрігерлер оның бұрыннан жүрек сиқасы бар жан екенін
(қаралып жүретін) біліп шықты. Мен Сізге қорқақтық, жауыздық,
бетсіздіктің үлгісін айтайын: шешемді жерлеп келген күні де прокурорға
барып бол