іліп үлгірді, әйткенмен шегінен жаңағы үлкен күйдің жаңғырығы әлі өшіп бітпеген-ді. Әккі құлақ лез аңғарып, өкпелі, күпті көкірек бұны да бір түкпіріне бүге тастады.
Ымырт құлап келе жатқан. Түндіктің сәл қайырылған бұрышынан түскен жарық шаңырақтың тоғынында ғана. Үйдегі күміс, жез бұйымдар салқын жылтырайды. Шал табалдырықтан бергі тай терісі – тулақ үстіне кебісін шешті де, керегеге арқасын таяп тұрған ұлына назар салмастан төрге озды. Төсегіне бір жамбастай отырып мәсісін шешті. Сосын өз үйін өзі тінти, айнала сенімсіздеу көз тастаған – жиһазды алты қанат үй, ғұмырында тұңғыш рет, қаңырап, көңілсіз сезілді.
Едіге қайғы-қасіреттің талайымен сілкісіп көрген кісі. Сонау бір кездері алыс-жақын, ағайын-туыс жиылып бір адамның қаза-қайғысына көңіл айтып үлгіре алмаған күндер өтті. Өз кіндігінен жаралған ұл-қызы бар, он тоғыз баланы қара жерге берді. Төрт жесірді атастырар әменгер таппай, тірілей төркініне қайтарды. Ең соңғысы кешегі хан тұқымы сілтеген ақырғы найзаның ұшында кеткен ұлының жесірі – Еліктің анасы-тын. Ал, нақ осы ымырт, осы сағатта сыртта тырп-тырп басып сиыр сауып жүрген ақ кемпір – бесінші алғаны. Ел құсап бәйбіше, тоқал ұстап көрген емес. Бір сөзбен, төсегін өлім ғана жаңартқан жан еді. Солардың бәрінің қайғысына қайратты жан шыдап-ақ келіп еді, мына кештен бастап, әлде шынымен қартаяйын деді ме, күйшінің жамбасына мамық бататынды шығарды. Сол күннен былай қарт өзгеріп сала берді. Әншейінде тыңдаушысы сай келмесе – ұстамайтын домбырасын қолынан тастамай қойды. Әсіресе, ымырт шақтарында. Кемпір азғана малдың қамымен жүреді, баланы өзі жұмсап жібереді, сөйтіп, ол көбіне-көп, кең үйдің бір бұрышына өзінен гөрі азулы жауына айбат шеккен дала тағысындай бір уыс боп тығылып ап, ұзақ-ұзақ күйлер шертеді. Бала уағында үйреніп, кейін ұмыт қылған көркемдігі әлсіз, домбыра, домбырашы таңдамайтын орта ажар күйлерінің өзін шытына отырып, еске түсіреді; мұндай сағатта Едіге алғыр күйшіден гөрі жетім лағына шейін теріп, түстеп, түгелдейтін кесір, қарау байға көбірек ұқсап жүрді. Қайткенде де ондаған жыл өз мүлкі, меншігі санап келген әлдене қазынаның уысынан жұлқып шығып кетеріне күмән таппайды; одан сайын кәрі саусақтарын қалтыратқанша қысады. Ақыры алмай қоймайтын үмітсіз ауруға шалдыққан кісідей, қарт, алдағы өз ғұмырының қайырымсыз, қатал үкімін бұғып қарсылауға арланған кейіпте, көк айыл тағдырдың бетін қалай да бірінші боп, бұрын тырнауға әрекет таңдады. Соңғы айқасқа шын-ақ дайындалды. Бұл айқасты қайтсе жеңіспен аяқтай алады? Аталық қана емес, күйшілік абыройын немен қорғайды? Күні-түні тынышын қашырған осы тәрізді ойлар-тын. Баласына күй шерткізіп, қате-кемістігін түзеп, ұстаздық етуге де намысы жібермеді. Қартайған күйшінің ақыл-кеңесін керек қылатын шәкіртті тағы танымады. Өйткені, Елік домбыраны, күйді де әкесінің еркімен қолынан алған жоқ қой? Иә, расы солай. Ол ұрлап иемденді. Ұрыға аталық түгілі, адамдық та жүрмейді! Өстіп бір толғағанда өз пиғылынан өзі шошынған. Сонсоң... бәлкім Еліктің домбырашылығы әзірге сәбилік-еркелік, үлкен өнердің дәміне таңдайы үйренбеген боз өкпенің әншейін солықтауы болар? Қарт күйші өз көңілін осы күдікпен алдап тағы бір таң атырды да, балаң күйшінің өнерін астыртын енді бір тексеруге бел буып еді. Бірақ, сол күні атына мініп, айдалаға бет алғанда өзінің атақты күйші, кереге басындағы емен қара домбыраның иесі – Едіге екеніне сенімі азайып аттанған.
Үш күннен кейін қайтып оралды. Кешқұрым уақытты, домбыра даусы үш төбенің аржағынан естілген сықылданды. Ғаламат ұзақ бір күй ағылып жатты. Сол күй топанының бетінде қалқығандай, кешкі даланың шоқал бұтасы көзге қылтылдап, батып-шығып шалынды. Жыңғыл, қурай, ши-шықпыттың әр бұта, әр бунағы күй ырғағымен күңірене тербеледі. Осы сарынды селт етпей ұйып, құлақтары қалқиып-қалқиып тыңдап қалған түйе-жапырақтар ғана. Кешкі ауылдың ошағынан көтерілген түтіннің өзі күй ләззатына бөгіп, сай-сайда ұйып қалған сықылданды. Қарт қарагер атты тебініп, желе жөнелген, әлгі рақат құшағында маужырай балқыған маңай, кенет серпіліп, дүңгірлеп қоя берді. Сол-ақ екен, күйшінің құлағындағы күй ырғағы өшіп қалды да, орнын бірыңғай дүбір-дүрсіл жайлады. Неткен қалың дүбір мынау! Құлақты мұнша тұндырған ат тұяғынан туған үн бе, әлде кәрі жүректің бұлқынысы ма – аңғармаған қалпы, ат тұмсығын оң жақ босағага тірей, бір-ақ тоқтады. Киіз есікті серпи ашып, қос табалдырықты аттай бере, кілт тұра қалды. Көзімен қақ төрден, кереге басынан ілулі домбырасын іздеген – таппады. Сонда барып Елігіне, Еліктің алдында көлденең жатқан қара домбыраға назары түсті.
Бұл ымырттың қара басына, бұған дейін түтіні қисаймаған күйшілік дәуреніне келген ымырт екенін асау шал сонда барып амалсыз мойындаған-ды.
Домбыраға, күйге деген етене көңілін, ыстық ықыласын аталық мейірімге, мәрттік, кісілік парызына жеңдірмек боп қанша қиналды! Іштей өзін-өзі қайрап, қажап қанша азап шекті! Қанша оқталғанымен жеме-жемге келгенде батылы жетпеді. Қаншама жомарт табиғатының өзі күйді, оның ләззат бақытын өзге біреуге ұстата салып, бұрылып жүре беруге сараңдық қылды. Біреуге? Елігі