ре алмай
келеді қалыңқырап, ақсаңқырап.

Аптығып, алақайлап шапқан ағын
Тосады қара тасқа ақ тамағын.
Қақтығып қаңылтырдай таулы алапқа
Көксайдан кернейлетіп аттанады үн...
Төменде теңіз беті жымың-жымың,
ләззат ыстығына жылынды мұң.
Кеңкілдеп киіп-жарып келген бұлақ
бәрінің сонда білді шығындығын:
басылды баяғыдай зіркілдемей,
тек қана бүлк-бүлк етті шіркін көмей
домығар долы келін секілденіп
енесін қалғанына бір тілдемей.

Көк теңіз бүгін көзін жұмар нағып,
ол жатыр жұмарланып, құмар қанып...
содан соң қарайды тым алыс тартып,
көзімен ұмытудың мұнарлатып...

* * *
Көкпеңбек,
жер де көк, көк те көк,
көкпеңбек төбет те қарғылы.
Табиғат анаға өкпе жоқ:
бір түске бояпты барлығын.
Айнала көк-жасыл - жас бәрі,
бояудың бірлігі - ұтады.
Кәрі емен қалтылдап бастары
қостайды боз бала-бұтаны.
Өзге түс күтпей-ақ қой алдан,
көк бояу күледі қулана.
Бар дүние көк түске боялған,
мөлдірлікті ұстапты су ғана,
өзге бір сиқырмен, қуатпен...
су аты - су, әттең!

* * *
Қайдасың қайғы, үміт,
сенсіз де күн бар,
жел - еседі.
Тек қарттар кешегі
жаңбырсыз бұлт жоқ деседі,
қайғысыз үміт жоқ деседі.
Қайдасың қайғы, үміт,
сендерсіз көкірек тым-тырыс,
бұлақта жоқ ескі бұлқыныс,
шөп тыныш, гүл тыныш -
менде жоқ ұмтылыс.
Жоламай қайғы, үміт,
жүрегім қалғандай шайлығып.
Батар күн нұрындай соңғы рет
түсетін шыңға өлі
сен де бір қарашы қайрылып?!


* * *
Тау төсі ақ, ақ айран -
қара бұлт жалайды жата қап.
Аспанда жүзді бұлт дақ болып қарайған,
сол үшін бұлт деген атақ ап.
Кәрлі бұлт түнеріп қараса жан-жаққа,
жасыл көл кеш дейді сүтіңді ақ,
Қарт шыңдар шыдамай қорғасын салмаққа
майысар секілді сықырлап.
Тамшылар шөпке ұйып - мөлдірлік,
мөлдірлік дегеннің шарты бар:
Жасапты табиғат тауды да көлгір ғып,
бұлтқа шытынып, күнге жарқырар...

КҮН БАТҚАН СОҢ

...Көгіс тартып тұр безеріп қыр үсті,
қоя аурудан айықпаған баладай.
Кәрі шыңдар бір-біріне суысты,
бір суық леп кезіп жүрді жағалай.

Тау әжімі терең тартып барады,
бір қаталдық тұрды жұртқа білінбей.
Сайдың бетін жеңіл мұнар жабады,
жеңіл мұнар жасыл көлдің түбіндей.

Мұнартты тау
қалжырады-ау ол анық,
тастады ма таскөмір-бұлт жаныштап?
Аспан, міне, келді жерге таянып,
шың барады бірте-бірте алыстап.

Алыстағы трактордың гүрілі
тауға соғып, жаңғырыға кұлады.
Түсті иыққа Алатаудың бұрымы,
сыңғыр етті ақ бұлақтың құлағы...

* * *
Күн шыжып тұр.
Талғар жақтан бұлт келеді жөңкіліп,
бір салқындық болғай деймін мен тұрып.
Бүкіл алап шыр еткендей болады
тиіп кетсе ботинканың табаны.
Күн күйіп тұр... тіл жабысып таңдайға,
шаш көлеңке бола алмады маңдайға.
Ауыр екен шілде айының бұ шағы,
секілді алап ақ жалынның құшағы.
Дыр-дыр еткен қызыл шоқ боп ұшады.
Дыр-дыр еткен қызыл қанат шегіртке
бір-бір түйір қызыл шоқ боп ұшады.
Дәл осы сәт шыңға қонды сұр бұлт кеп,
ақ шың оны шынтаққа алды бір бүктеп.
Бұлқынды бұлт, кете алмады жұлынып,
көлеңкесі қалды маған ілініп.

АЙЫРЛАР

Батылдау сал айырыңды, сал былай:
копаң етіп көтерілсін шөмеле.
Көлеңкеңнен қимылыңды аңдымай
бер еркіңді мынау шымыр денеге!!
Пай-пай-пай-пай!
Білек қандай!
білекті
таудың күні бір-ақ сүйіп түлетті.
Мұрын анау... мұрын "құртты" бетіңді -
аршылмаған картопия секілді...
Тер шыққанда сайтан дарып бойға нақ
шөмелені жөнелесің ойнап ап.
Тек қиқым-шөп құйылғанда мойынға
айыр беру - ұқсамайды ойынға.
Шөп сылдыры, айырлардың сумаңы...
бұдан өзге көріністі көкжиек те тумады.
Айыр, айыр...
жылт-жылт етіп көтерілді төрт жұлдыз,
бір айырдың төрт жұлдыз - төрт бұтағы,
Ол көтерсе бір айыр шөп жоғары,
күллі аспанды көтергендей болады...

* * *
Қане, достар, қимылдалық күн қызбай -
жіпсідік пе - жел соғады бір мұздай.
Мынау алқап өзінше бір аспан ғой,
шөмелелер - жұлдыздай.
Әр табанда бір-бір ғалам аунайды,-
ойлама енді дала жайлы, тау жәйлі.
Шөмеле артқан балакөштің іздері
"Құс жолынан" аумайды.
Космоста жүргендейміз біз-дағы.
Айыр-саптың уысыңда қызғаны -
Қуаттырақ әсер етер атомнан.
Қосмонавпыз біз-дағы.
Терлесе адам- көңілденед, о несі?
терге ғана балқи ма екен денесі?
Термен тыныс-та-маса,
қуанбаса күрсініп -
дәл осындай тамаша болар ма еді тіршілік?!

* * *
Қайда ғана, қайда ғана қарама,
ұшып жатыр жапырақтар сарала.
Қыз мойнына - сары моншақ тізілген -
Ей, табиғат, күзің бе бұл, күзің бе?
Бұлт төмендеп...
Жер биіктеп бара ма,
ылай толқын үймеледі жағаға.
Қырау үстінде қарауытты ізім де -
Ей, табиғат, күзің бе бұл, күзің бе?
Көрші ауылдың иті тыныш жатпады,
Сақ қой тіпті...
О, "құдайдың" атқаны.
Кемпір сыртқа жүгіреді, қызы үйде -
Ей, табиғат, күзің бе бұл, күзің бе?!

* * *
Тауға қарай келемін, тауға қарай,
желдің-дағы маңдайдан аумағаны-ай.
Күндерім де алдағы тау сияқты,-
Тауға қарай беремін, тауға қарай.