қызыл қаны –
Қырылмай қалған қазақ қой бағам деп,
Сол жылдар өліп кетті ойланам деп.

Еріндер, кезеріп кеп ұрттаған мұң,
Шегінді, дәмін сезіп жұрт тағамның.
Қасірет! Қаталдық пен сенімсіздік
Қолына мылтық болды Мұртты адамның.

Сайларда қабат-қабат тұман қалып,
Төңірек сол тұманға тұр алданып.
Адамға адам сенбей,
Күндер өтті
Екі көз бір-бірінен күмәнданып.

Өтті сол ұятты күн, қателі күн,
Өсірген өз жеріне жат егінін.
Сол жылғы календардың қанды қолы,
Көрсетті талай ұлға әке өлігін...

7
Кенеттен атылды оқтар;
жар маңдайын
Ұстады. Құлап жатты жанған қайың.
Дүркірей ұшты әлемнен бар тыныштық
Бұтаға паналаған торғайдайын.

Өзендер қинала ақты арнасында,
Айналып әр тамшысы қорғасынға.
Ел ары сапқа тұрды... Қыздар қалды
Көтеріп орамалын жар басында.

Тек қана аспан жатты айды жастап,
Көзіне жас алды бұлт қайғы бастап.
Қазақ та жауға аттанды, винтовкаға
Таяғын қойшылықтың айырбастап.

Шиқылдап ағаш бесік тербетілген,
Тербеліп бұл қазақта ер жетілген.
Батырлық, адалдықты іздесең сен
Мұндай ел таба алмассың жер бетінен!

Батыстың батпағында қаны кілкіп,
Жер жатты қанды жасын алып, іркіп.
Жау оғы жаралаған әр бұтаны
Байлады ол бақыты мен жанын жыртып.

Бұл қазақ – сол қазақ қой, сол баяғы
Сыймаған сахарада жолға аяғы.
Ар үшін, адам үшін іркілмей-ақ
Өзінің өліміне ол қол қияды.

Бұл қазақ – сол қазақ қой, сол кәдімгі,
Бірге ұққан қой бағуды, ойлануды.
Білегін рельс қып Абдолла ақын,
Жүрегін “жау жолына бомба қылды”.

Бұл қазақ өткенінен әлі ұялар,
(Оны да өздері айтып жариялар).
Талғат пен Бауыржанды айтпағанда,
Бұл қазақ – Мәншүк пен Әлиялар.

Бұл қазақ жеңдірген де бойды арманға,
Бұл қазақ сендірген де, сайланған да;
Бұл қазақ Қалибек боп ойнаған да,
Бұл қазақ Мұхтар болып ойлаған да.

Суға – бу, көңіл шіркін, туға – қанат,
Ырза емес бүгінге бұл қанағат.
Әйтеуір, арымыз бар алға аттауға
Бетіне дүниенің тура қарап.

Жетем мен жұлдыздарға – тілегіме,
Оралсын шүйке-бұлттар білегіме.
Қаншама кішкене боп жаралса да
Көп шаттық сияды екен жүрегіме.

Бақыт-күн маңдайды сүйді міне,
Бағынып бүкіл әлем билігіме.
Қуаныш тарап жатыр үйді-үйіме,
Ілесіп Жұбановтың “Би күйіне”.

Өкініп көргенім жоқ санымды ұрып,
Күннен-күн биіктетті жанымды үміт...
Қазекең біраз жерге келіп қапты-ау
Мұхиттың “Айдайына” салып жүріп.

8
Жан екем өз жаныма артпаған мұң
Сондықтан да әкеме тартпағанмын.
Бұл басым қайғы ойлауға – шалағайлау,
Болса да басына ұқсас қарт бабамның.

Осын-ау Алатаудан дара тұрған
Көзімнің от-ұшқыны әрі атылған.
Екі көз маңдайдағы – егіз тамшы,
Бақыт пен Қуаныштан жаратылған.

Көпіріп кеудесінде тасқан ағын,
Көңілім – көктеміндей жас даланың.
Жібісем – жібегімін бұл өлкенің,
Қатайсам – қайнап-қайнап тас боламын.

Бір мұра өткен күннен қалған маған:
Бүкпейді адам сырын адамдардан.
Бар халық, бар ұлттан
қой бағуға
Өткен күн неге менің бабамды алған?..

Сол ғасыр “қой ғасыры...” шаталған күн,
Сараң ед күлкісіндей қатал жанның...
Бақыты, қырсығы да – менің әкем,
Бәрі әкем – өткен өмір аталғанның.

Бұлақ қып бар шаттығын бұрды заман,
Ән аман, ән салатын бұлбұл аман.
Атырау толқындары көтерілсе
Кеудеге будақ-будақ жыр құлаған.

Бақытты күннің өзі тұр күзетіп,
Күндердің сынағынан жүрміз өтіп.
Маңдайдан тер боп тамған әр тамшыны
Жақтық біз көк аспанға жұлдыз етіп.

Сол жұлдыз биік көкте жарқыраған
Тіл қатты алады деп артық адам –
Өмірдің маған осы шарты ұнаған,
Дос күліп, жаулар жағы қалтыраған.

Жаулар да жаға алмады күйе маған,
(Мен, сірә, досыма бас ие де алам).
Съездер сарайынан бүгін келді,
Кешегі қой қайырған түйелі адам.

Аспаннан бұлт айығып – су ағарған,
Көз – шырақ, көлеңкені қуады алдан.
Бұл кеуде, бұл жүрегі тұрғанда аман,
Туған жер, әлі талай туар арман!..