– Жастардікі келешек, –
деп ақырды көк есек, –
Құлын бірақ қосылмайды жастарға.
– Өздеріңде бас бар ма?
Желөкпелеу көп құлын,
тебе қалса тұяғының өткірін,
желе қалса көрсетеді шоқтығын.
Құйрығы бар, тек жалы жоқ демесе,
қызыл торпақ қабілетті он есе.
Құлынға ұсап мақтанбайды ол әрі.
Шаба қалса – шаңы ұшады жоғары:
жорғаға да, желіске де сала алар,
жарыс болса – қызыл торпақты ала бар!
Есек – бастап, сиыр қостап торпақты,
торпақ күллі дүниелік жастардың
жарысына жол тапты:
Есек айтты: оза алмайды десек те,
айқай-шусыз дұрыс жүрсін есепте!
Әлхисса, өстіп көк есек
тартты білем патриоттық тегіне:
момын деген ат әперді еліне.
Ал, құлындар? Тұлпар туған құлындар
қартайып тұр желіде.

1983