Кекіл-шаш қойған, әдемі
бозбала-жігіт бар еді.
Айтпақшы, өзім сол жылы
он жасқа қараған едім.

Бозбала-жігіт әлгі әсем
Серіжан еді болмаған.
Серіағаменен жолдас ем,
Мақтаныш еді сол маған.

Сері ағам. Қыз көп қараған,
Қыздары жақсы үй көп-ті.
Бір күні әлгі сері ағам
бір ауыз өлең үйретті.

Жеңге де көп-ті ағамда,
ол жылдар бай ед жеңгеге.
Жеңгесіз адам – адам ба,
бір жеңге бар-ды менде де.

Жеңешем жап-жас болды аса,
тек қана жас па – сұлу жас.
Қайнылар болса он жасар,
Жеңгелер, ойна, жымыңдас.

Өлеңді әлгі жаттадым,
тексерді ағам қайталап.
Мақтады, тағы мақтады:
айтады-ақ, деді, айтады-ақ.

Талай қыздармен ойнап ем,
сүймедім, дедім, ешбірін,
Жеңеше, дедім, бойдақ ем,
келемін, дедім, кешқұрым.

Жүруші ед ылғи күлімдеп,
со жолы күйіп сөйледі:
– кешті қайтесің, жүгірмек,
қазір-ақ келе ғой деді.

Қаша алмай қалдым қапыда,
– Мә, саған, деді, ақымақ!
Шапалақ ұзын, ет қызу,
өртеніп кетті бет-жүзім.

Әрине, көп жыл – үйленгем,
суға да бата жаздағам,
отқа да күйгем мен кейде,
тәрбие көрдім аздаған,
азап та таттым сүйгеннен.
Шын сезім, анық бұл сезім:
Әйтеуір біреудің сөзін
айтпауға сонда-ақ үйренгем.

1983