Көк сүт-аспан, сыпырылып қаймағы
біздің жаққа ауған-ау:
будақ-будақ-будақ бұлт
қонып жатыр тауға анау.
Қиял кезіп тау қойнын,
Мен келемін сай-жырамен бұлтақтап.
Қиял көзі бара жатыр қарығып –
шыңдар әппақ, бұлт әппақ.
Табиғаттың көңлі әппақ,
ақ жыр жатқа оқылмақ:
бұлбұл ақын монолог,
тақпақ айтпақ тоқылдақ.
Ақ бұлт кенет қарайып,
Нөсер құйып кетті, әне.
Ышқына ұрған, жел, сенің
қояр түрің жоқ па әлі?
Қара көлеңке құлады,
қарайды әлгі ақ бұлтың:
Көкшіл, күншіл төбелердің осылай
қарайтады көңілін
таулар, сенің дақпыртың!
Менде де бар бір дақпырт,
обалы не, обалы:
будақ-будақ-будақ бұлт
Ой-шыңыма қонады –
Қабағым құр түйілген,
Нөсер қайда – жыр қайда:
сөз пышырап,
ұйқас та
көнбей отыр ыңғайға.
Келмеген іс ыңғайға
батады екен шымбайға.
Қасым аға, сен осы
Қайтушы едің мұндайда?
1983