Тахауи Ахтановқа

Саған шықты ақ жағы,
қапы қалсаң да ойнап қал,
күшті менің логикам, өйткені, атам – қой баққан.
Немересі қойшының – қомағайлау келеді:
жей тұрайын пешкіңді, пешкі деген – бойдақ мал.
Семіз тоқты жақсы ғой бақташысыз жіберген, –
қарынға да қанағат іздеп едім бұ жерден.
«Құрбандығың» дәмді екен,
талабым жоқ, ал, бөтен,
тек бір жаман әдетім: тойып алсам – әндетем!
Қой-қой, сақта жүйкеңді,
оң қанатты сақтап бақ,
доғарайын әнімді – бір әдемі тақпақ тап.
Айныдың ба ойыңнан ладьяңды аттатпақ,
тәуекел жоқ,
төзім бар, енді қайттің?
қап-қап-қап:
екі пілің-нің бірі қалды, әнеки, батпақтап.
Мысық қорғап жүрген кез Арыстан мен Барысты –
қорғаймын деп ферзіні – ана пешкің тағы ұшты.
Кіндігінен жел есті – короліңнің жап алдын,
аяушылық емес бұл: кесірі көп жаманның,
кесапатын тигізер,
бір түшкірсе – жетеді,
нең азамат, ашқызсаң короліңнің етегін!
Шешіп беріп шекпенін,
өзін ала қашпа өле –
атақ жаман бәрінен «Король – жала-ңаш!» деген.
Офицерің құлады – опасыздық, өмір, ей –
мен қуанам: құлаған – «ақтың» офицері ғой?!
Атпен шықтың ба айқасқа?
Тажал деуші ед тағалы ат,
қап мұнысын білгенде – құртатын ем бағана-ақ.
Ладья үшін ат беріп – бір іс еттім және ағат,
және ағаттық жібердім: қанағат деп, қанағат!
Секіргені – ұшқандай,
сірә, мынау қанатты ат,
жаяу әске-рім састы етектері далақтап.
Шауып жүріп «шах!» айтты,
ферзім шықты кері ұшып,
бір сүрінді королім – беру керек жер-ұшық!
Жылға қуып жүрмен деп
жығылдым-ау тұмақтан,
заманында атомның қорлық көрген кім аттан,
кім ойлаған: азамат соғысының аты әлі
қалмады деп модыдан!
Әй, батады-ау, батады:
пешкілерім мінеки тозып қалған қатары,
ферзіні атқан әруақ – енді немді атады?!
Таңдайымда тұр әлі: тұңғыш жеңіс дәмді екен,
әдетім бар тағы бір: ішім күйсе де – әндетем.
Ендігі әннің тек әттең басқашарақ мәні, рас,
әскер емес пешкі енді, қой боп кетті – маңырас!
Менің атам...
әдетте, логикасы мықты еді,
мынау айқас бірақ тек логикамен бітпеді:
Тура шаппайды ат мұнда, –
жуас ат-ау, жуас ат –
құртады екен жуас ат шапқан кезде «Г» жасап.
Бумерангтей жүрісі,
ат ойнында көп мән бар,
мәннің көбі, азы не,
ей, соқпаңдар, тоқтаңдар,
шахмат ойны – тақтада деп өмірді ақтама,
«Г» жасайтын шабуыл тақтада емес тек қана:
атпен шебер ойнайтын достарыңды мақта, аға,
бірақ ондай қуларды шақырмау жөн тақтаға!

1983