Тентектіктің түр-түрін таба-таба әр күні,
отырушы ем мен кейде саған қарап сарқылып.
Киінуші ең еркекше, «жігіт» едің оңды аса,
фамилияңның соңында «а» тұрғаны болмаса.

Қуатты едің, не керек, іштен шалып жамбасқа ап
тәйкесінен түсірдің талайларды жармасқан.
Көрген көңіл көркіңді болмайтұғын орта тым,
ұнатқандар қасыңды — қайратыңнан қорқатын.

Кейін қысқа сары шаш бұрымың боп кетіпті,
қырып-жойып қыз деген «қырық індет» жетіпті.
Бір жігітпен күресте жығылыпсың сен мықтап,
сол жығылу, жығылу, жығылу боп кетіпті.

Бір партада отырдық,
бір сиядан батырып,
бірімізден біріміз көшіруші ек қатырып...
Серігім ең сері қыз,
енді отырмын ұғыншы,
өнер деген мектептің класында «бірінші».

Қиындау боп жүр қазір,
қиын болып жүр әлі
замананың заңы көп есептерін шығару.
Ауыспай жүр үйткені бар уақыт, бар айла
өмір деген білгіштің дәптеріне қараудан...

1969