Болмайтұғын санасу, болмайтұғын есебі
бірімізге біріміз кереметтей дос едік.
Сіздің үйде сынатын біздің үйдің кесесі,
біздің үйде тозатын сіздің үйдің төсегі.

Қонақ келсе бір келді,
өзіміз де бір барып,
шарап ішсек бірге іштік үлкендерден ұрланып.
Кезек қонып жүргені бір домбыра екі үйге,
бір самаурын екі үйде кезек қайнап тұрғаны.

Енді бүгін не болды, не болды енді деп мені
мазалайды бір сұрақ,
сен емессің өкпелі,
мен де емеспін өкпелі,
қанша болды санашы,
біздің үйдің кесесін сен ұстамай кеткелі?!

Менде пәтер бүгінде,
сенде де бар от басы,
тартпағалы ат басын қанша болды, тоқташы.
Қатысамыз қатыссақ аңдысып кеп,
арада
көше де емес, жатқандай шахматтың тақтасы.

1969