Ылғи ғана сен жәйлі ойлай бергім келеді, —
секілдісің менің бір соңғы жазған өлеңім.
Қайталаймын ішімнен есіміңді сенің кіл,
қайталаған секілді сәтті шыққан жолымды.
Кезек қағып етекті екі тізең бұлтылдап,
кетіп қала көрмеші құлағымнан күлкіңді ап,
сырлас едік екеуміз,
құрдас едік біз кейде,
сол шақты енді мен мына қиялымнан іздеймін.
Өткен күндер — жазылған өлең болса — ол ескі,
жаңбыр астында қалған із сықылды көмескі.
Бүгін көрсем танымай қаламын-ау мен сені,
бұдан он жыл бұрынғы қағазындай кеңсенің.
Қиялымда дегенмен тұрсың күліп сен әлі
сол күлкіңнің өзі де күрсіндіріп болады.
Қайталаймын ішімнен есіміңді сенің кіл,
қайталаған секілді сәтті шыққан жолымды.
Қайталау да керек-ау,
кірпігіңнен шық құлап,
қарындастың қадірін білу үшін мықтырақ.
Сұрама тек кімсің деп,
қос жанарың жаудырап,
сұрақ дос қой ақынға,
сұлуларға жау бірақ.
Қиялымда тұра бер,
бұрып кетпе бойды әрі
боз жусандай, о,
менің бозбалалық ойларым!
1969