Бұлақ ақса не тулап, не тебініп,
жаңғырығып ойсыз сай кетеді ұлып.
Батон-белдер сарғайып күн астында
ашып, пісіп келеді көтеріліп.
Алатауды төрге алдық бір тұлға ғып –
қарт сыйлаудың сыры осы қылпың қағып.
Ашып-ашып жіберіп бұлтты аңғардан
көл сімірді Бульба-шың мұртын малып.
Жасыл теңіз – дастархан, қара мына:
бауырсақ боп шоршиды алабұға...
Жер жетеді:
тұр, жүгір, жатып ауна,
қыран көзі де жетпес бақылауға.
Мен керілсем – бір қолым Алатауға
тіреледі,
бір қолым – Атырауға.
Іле, Ертіс, Сыр жатыр аңқып ағып,
ақын аңқып жыр құйды – талқыладық.
Арман, Ардақ деп атап ұл-қызын ел,
«Ақ желең» ғып күй шерттік, «Шалқыма» ғып.
Дала жұрты мәрттікті ерте ұғыпты,
содан шығар, жігіттің серті мықты,
«алласынан» ары үстем;
арыстаны
мертіксе – Айға шауып мертігіпті.
Бір мақтанып таппасам көңіл емін,
мақтануға батпасам – жеңілемін.
Менің далам, дей берем, менің елім –
бұдан өңге осы мен не білемін?!
Дала маған сәби боп қал деп еді,
мен есейдім ой етіп әлденені,
мініп кетті қоңыр ат ымырт-қария,
ақ боз ат жегіп, балаң-таң келеді.
Соқты көңіл: мініп ап от-күреңін
қос бүйірін мезгілдің тепкіледім.
Кентауда маңдайымнан шыққан терді
Қарағанды желіне кептіремін...
1978, 1982