Қып-қызыл бұлт қонды да тау басына,
бір жарқ етіп ант берді алласына:
«Шың мойнына орады далам мені,
енді осында мәңгілік қалам!» – деді.
Төгіп еді бір ақын жатқа жырды –
әлгі таудан жүз бұлақ ақтарылды.
Ақын айтты: «ел туды мына мені,
мен де осында қалармын, сірә!» – деді.
Сол-ақ екен бір керім төкті нөсер,
алтын көсеу-найзағай көкті көсер.
Ақырды аспан – тұндырды құлағымды,
ақырды ақын – бұрқырап жыр ағылды.
...Нөсер тынды.
Ақын жоқ – өтті, кетті,
кетті ақтамай көп үміт, көп тілекті.
«Жетпей жазды-ау ақын!» деп шулап бәрі
сол ақынның ұрлап жүр шумақтарын.
1978