Жұлмаласа бір сиыр гүл-бағымды мәуелі,
бұрмаласа бір қыңыр жырларымның әуенін,
саған айтқанша асығам бір жиында мақталсам,
бір жиында сыналсам саған айтам әуелі.

Сен көрсе деп асығам жан көрмеген қырымды,
ақылымды аңғырттау, ойларымды кіл ынжық.
Ашылмайтын қоймамды саған ашам,
ақтарам
өзге түгіл өлеңнен жасыратын мұңымды;

үйі бөлек сен менің екінші бір менімсің,
көрмеген жан сен болып не біледі, не білсін.
Мен альпинист болғанда, ұмтылатын шыңым — сен,
саған қарап түңілем биіктіктен түңілсем.

Мынау біздің ғұмырды домбыраға теңедім,
сен — астыңғы ішек болсаң,
үстіңгі ішек — мен едім.
Менде үн бар мұңдылау, сен де тіл бар қырғилы,
егіз ішек боп екеуміз шертіп едік бір күйді.

Барыс құсап қашатын түгі түстес қамысқа,
саған қашам біреумен бет жыртысып қалыссам.
Бәрі сонда маңайдың көк теңіз боп
сен маған
қарыс қара жер болып көрінесің алыста…

1969