Бірімізді біріміз жата қалып кеміттік,
мін қазыстық жата қап,
сонымен біз нені ұттық.
Бірімізді біріміз жаман дедік,
жаман деп
үшінші бір жаманның жүрер жолын кеңіттік.
Жақын болса болсын деп екеуміздей әр адам,
үшінші бір ағайын арамыздан қараған.
Қос қабырға сықылды суый-суый ақыры:
үшінші бір қабырға пайда болды арадан.
Тамырыңның лүпілдеп тұрған жерін тап басып,
айтайыншы бір ақыл, жақсын мейлі жақпасын:
ғашықтықта, достықта, қастықта да — екеу бол,
«тәңірім» сені сақтаса — үшіншіден сақтасын.
1969, 1982