Көген керіп, қозы алып,
өстік біздер
мұздап-ақ
айлы түнде, бозамық
шық үстінен із қарап,
Адасып ек көп ізден,
өгіз мініп,
дегенмен
өмірден кеп өгізбен,
құр ат міндік өлеңнен.
Қар талдырып, не керек,
өмірден бір үздігіп,
киіз басып келген ек,
өлең бастық біз бүгін,
Шыбық осса арқаны
налымаушы ек тұншығып,
бүгін жаман батады
жалғыз сөзі сыншының.
Мыңқ етпеуші ек
қараңыз:
балшық бассақ ат ұстап,
Бүгін шаршап қаламыз
бір жиынға қатыссақ.
Жанды күттік мәпелеп,
жыр-қиын деп зар илеп,
бала бізде әкеден
күтімдірек әрине.
Сенде бір күн білгір боп
ақыл айтып ұлыңа,
ауыр кезде тудым деп
тиерсің-ау, жыныма.
1969