Сәл шыдай тұр, ағайын, мен өнерде енші алам,
ұқсамайтын ешкімге жаңадан бір жол салам.
Сай қуалап, жұрт құсап, соқпақ қуман жымысқы,
басқан ізін ешкімнің аңдымаспын тіміскіп,
керек болса, ағайын, нағыз бұлақ, нағыз ән,—
қара шыңның төбесін тесіп тұрып ағызам.
Сәл шыдай тұр, ағайын, мен түбінде енші алам,
алтынға кім қызықса — бәрін жиып бер соған,
Маған темір күрек пен болат қайла бер мықты —
көрсетейін көкесін қайсарлық пен ерліктің.
Сәл шыдай тұр,
Мен ертең өз тайыма ер салам,
қартайды ғой Пегасың, кім қызықса — бер соған.
Жақсы өлеңді достарым жазсын менің жан сала,
мықты өлеңнің көкесін көрсетейін мен саған.
1969, 1982