Саған айтпай кімге айтамын мұңымды,
мұң дегенің бұлт секілді бұлыңғыр:
ай сықылды бір ақиқат, бір шындық
батып кетіп, батып кетіп, шығып жүр.

Айтатыным ақыл боп жүр үйткені,
тыңдаған жан мақұл деп жүр үйткені:
өз есігім қысты талай қолымды,
аз ауламда қапты талай ит мені.

Қызық-қызық сөйлейді адам, күйінбе,
бұзып-бұзып сөйлейді адам, күйінбе.
Безе алмадым тілі тиді деп құрбымнаң
ит қапты деп безе алмадым үйімнен.

Өмірімді өтер күнмен күйттедім,
көңілімді көтерумен күйттедім.
Мен үшін сен кішкенесің,
ел үшін
мен сенен кішкенемін өйткені...

1969