…Көз –
          мейірім, қайғы, шаттық…
                                       және күн.
Бір өмірдің төрт қазығы – бұл берік.
Зырылдайды кинолента-уақыт –
Көре алсам-ау бар кадрін үлгеріп…
Мен анамды таныған ем ең алғаш
Осы көзбен – неге ғана жаңылам!
Содан кейін...
туған жердің үстінде
аспанымды танығам.
Келе-келе кетті «ұсақтап» бұл көзім –
Көрер болдым көрші қыздың бұрымын.
Елеусіздеу алып өтті күн де өзін,
Екі бөліп үлкен аспан күмбезін.
Соны көріп үйренген көз, міне енді
Көріп отыр кабинетті, кілемді.
Бұл жанарда қанша ай мен жыл өлді? –
Жоқ, өлген жоқ, бәрі маған тиелді.
Мен тірімін, жылдар тірі мен көрген!
Менің санам – естеліктер жинағы.
Бәрін де мен ұмытар ем,
Осы көзде тұрмаса
Анашым мен аспанымның дидары...

1963