– Құдағиым қайтпақшы еді аулына –
ерте ұшатын рейске үлгіртіп
жібермек ем – билет болмай тұр құртып.
– Ұл балалар тентек, жалқау әу бастан
сабақтарын оқымайды маубастар!
Дәліз ұзын,
жел соғады жағымсыздау жанға әрі.
Сүйрейді екеу (әңгімені соғады)
ауру салған арбаны.

Көз тоқтатсаң, сау жүрек те қысылар:
сол арбада тек тынысы, пысы бар
біреу жатыр.
Білеу-білеу шекесінің тамыры
шертіп қалсаң кетер сын-ды жарылып.
Бұршақ сын-ды бетіндегі тердің әрбір
тамшысы –
онда кімнің қанша ісі:
«түскен жеріне ауыр», дейді, тас-дағы.
– Чех етігі үш минуттан аспады –
осы күнгі жұртта жоқ қой қанағат,
әр қайсысы екі-үшеуден талап ап...

– Кезегіме тұрғызып ем бір қызды...
Ауруды әлгі тынысы бар, пысы бар
коридордың «Кардиоология» деген тұсынан
бұрып әкеп бір бөлмеге кіргізді.

– Уай, Құдай жоқ, –  деді біреу, –  құда бар,
доғдыр да адам,
сол үшін де кінәлар
хақымыз бар: айтыңдаршы, бірәдар,
ауру бағар адамдар ма мыналар?!

Көре-көре ауруларды, өлімді,
өлімді де мереке ғып, неке ғып
өткізетін бұ заманда,
бірәдар,
доғдырлардың кеткен әбден еті өліп!

Мұны айтқан жан, рас, артық кетті ептеп,
Кейде, кейде артық айту да керек –
артық жауын ғана жерді көктетпек.

Дәрігер дос!
Сен ауруды бағам дейсің, алайда
аурудың да баққаны сен – абайла!
Біз туралы сөйле дейміз тек қана,
мен туралы ойла дейміз тек қана:
үміт – әлсіз,
сәуле құсап дір қағып,
біздің көрер жарығымыз тұр жанып
дәліздердің жел соғатын тұсында,
скальпель мен шприцтер ұшында...

1983