Былай тұршы көлбеп бітпей – тау жақтан бір жел ессін,
Көшелерді кесіп бітер көп қатарлы үй емессің.
Желден қорғар жебеушім де сен емессің, емессің,
Былай тұршы көлбеңдемей – тау жақтан бір жел ессін!
Тау жағыма тұрма менің –
тыныс келсін мұз, қардан,
жылу жасап үйренгем мен мұз бен қардан, ызғардан.
Жар-жағадай мінбелеме,
шегініп тұр, тұр кейін,
толқынған бір сәттерімде – жайпап кетіп жүрмейін.
Аяушылық еттің маған – аяғымды көп бастың,
тасқа тірер табаныммен саз-балшықты соқпаспын –
Әлі күнге аман жүрсең – балшықтығың сол сенің,
шарт-шұрт жанып кетер едің қыры болсаң көк тастың.
Көлбеңдемей былай тұршы,–
дала жақтан жел ессін,
дауылдардан қорғап қалар – дарбазам сен емессің.
Титтей дауды даңғаза ғып болмай-ақ қой алаөкпе,
елдің бәрі есек емес – түспей-ақ қой әлекке.
Әлсіз жаңдар ақылыңнан дәме етеді әдетте,
ал сен менің мінезімнен дәме етпе!

1983