Жалғыз ағаш,
бұтағы жоқ, жоқ түрі,
тегі ағаштан қырқылыпты демесең.
Бұзау байлап қоятұғын жеңешем –
ат байлайтын азаматтың жоқтығы.
Мәні – қазық,
болғанымен жаны ағаш,
әттең, тамыр, қабығы жоқ, жалаңаш.
Жалаңаштан: Шындық қана құндырақ,
құн туралы қыңқыл емес бұл бірақ.
Селт еткеннің сыбдырынан сыр құрап
мәз болса, анау, жел мәз болсын сылдырақ.
Сылдыр-сұйық тірлік жайлы түк айтпан,
себебі, мен оқығам жоқ суайттан!
Басқа бір жай туған-ды шын-туайттан,
таңдандырған,
әрі мықтап мұңайтқан.
Жалғыз ағаш – қазық болды:
бір күні
жібекке ұсап қанаттардың жылтылы
екі торғай келді ұшып, –
қонды бірі,
екіншісіне орын жоқ –
бұ да, бәлкім, бір таршылық белгісі,
махаббатқа келген шақта достықпен? –
Ойға шомдым өстіп мен.
Екіншісі көрді айналып қазықты,
болмады орын қатар отыратұғын –
екі жаққа ұшты екеуі ақыры!
Келді өкініш, тағы да бір өкініш:
әлгі екеуі лағнат айтқанға ұсады,
қатар қонып отыратын екі құс
бір ағашы жоқ өлкеге.
Құм біздің
түні қанша болғанымен жұлдызды,
болғанымен жердің асқан көркемі –
ағаш жағына ұяттылау өлке еді.
Бір сұлуға ғашық болған достардай,
көз алдымда кетісті өстіп қос торғай.
Келе-келе бір байламға бекіді іш,
бекіген соң батпай тағы еңбекке,
жарытпадым терлеп те,
жата алмадым не тыныш –
мені есейткен жылдар емес, өкініш!

Қазыққа олар таласқан жоқ,
қызығы:
қонған шақта құйрығы сәл ұзыны,
келтелеуі қысқа тұмсық кекілді
бір шыр етті «қош!» дегені секілді.
Нәр іздеген көңілдерге, міне, азық:
міне, содан адыра қалды бұ қазық.
Елестетсем қазықты әлгі құсы ұшқан
көкірегім кетеді әлі құлазып.
Құлын, бұзау байлау үшін, ұлы ұста
қазақ-атам қазық қақса – дұрыс та.
Бірақ қазыққа отырғызған деседі
жазықтыны біздің ескі Шығыста.
Жазық бар ма, жазық бар ма, сол қасқа
қанаттыда қатар ұшқаннан басқа,
құйрықтыда қатар қонғаннан басқа!
Мұндайда, рас, түседі еске қайдағы,
отырасың бір сәт содан қайғы алып.
Сонда көзіңе елестейді
құм, дала
істік-істік қазықтарға айналып.
Ей, кең өлкем!
Мен сені ертең кенелтем,
ойды қойып, орман егем мен ертең,
ағашы жоқ, қазығы бар, кең өлкем!

Біздің ауыл осындай жер,
Ал, аға,
бұлың-сайлы, бұлағы бар көгала,
бұтағы көп, бұлттары әппақ шағала,
тұрам қазір қайың, талды қалада.
Мені жалғыз десе біреу – сенбеңіз,
бұ қалаға келген жан ем мен де егіз,
екеумізге болғанымен көп бұтақ,
сол көп бұтақ арасынан от тұтап –
маған тастап зор өкініш, зор уайым,
бір шыр етіп «қош!» деп ұшқан торғайым.
Оқ секілді өткен жерінде із қалып,
досым кетті,
өңге өмірім сізге анық.
Ал, біреулер күллі орманды қориды,
көп бұтаның бірін менен қызғанып.
Содан, содан ерліктермен, екпінмен,
әйтеуір бір ермек таптым көп күннен.
Сауысқандар санатынан кеттім мен,
торғайлардың арасында жоқпын мен!
Біреу айтты: болма деді, ала-өкпе,
тырналар ғой қатар түзеп,
түсетұғын әлекке,
торғайлар ғой тоғай іздеп
түсетұғын әлекке –
сен дәметпе, деді маған, дәметпе!

1983