Сәби шыр етіп жерге түскенде –
түбі сол адамның қабірі қазылар
тұстың топырағы әйтеуір бір белгі
беруге тиіс.
                            Ескі иланым

Топырақ деп текке айтпаған ырыс алды,
топырақ жайлы астам ойлау қиын – ұқ:
қабыр қазған кезде ағайын жиылып
көму үшін кесір-кедей бір шалды –
төрт құлақты қара қазан шыққанда
шу етісті ел: «О,
мықты алла,
мықты алла!»
Бір қария жүзі шұбар-тас-кәрі
хикаяны тым алыстан бастады.

1

Бай – бай еді,
әулеттен ед бір текті,
содан шығар ырым-сырым дегеннен
осқырынған көбең сын-ды үркек-ті.
Ұл тапты ерке жас тоқалы беделді ең,
тағдыр –
тастай қыңыр әрі ақымақ:
ат-қазықтың басындағы топырақ
сол нәресте туған шақта бұрқ етті.
Шошынды бай,
салауатты ел салдырлап,
байекеңе басу айтып болды әлек,
Құрбан шалды – жаратқан-хақ,
қолда деп,
құран оқып жатты талай молда кеп.
Байдың бірақ тамырында қан құрғап:
«Көшем!» деді.
Баршылықтың бәлесі:
«топыраққа көмдірмеймін дәл осы
ұлымды мен,
қасарғанда тағдырға!»
Әрі ырғасып, бері ырғасып,
ақыр-түп
шөгерді әкеп жүз атанды бақыртып.
Сандық-сандық қазынасын салды ырғап,
бір жөткірді қарауытып бай әлгі.
Туған жерден ауар мезгіл таянды,
қоңсы-қорым бірге көшті;
қанша амал:
хақ бұйырса –
етпес деген ештеңе,
көшпе, көшпе, көшпе, көшпе, көшпе деп,
ақыл-кеңес дарыта алмай кещеге,
дана-дана қарттар қалды шаршаған.

2

Тағдырынан құтылатын бір ыңғай
тапқан жандай, тартып кетті бұрылмай
қымызға – мас, қырсыққа – бас,
қыңыр бай.
Сөйтіп, қатал «жазымышпен» кектесті,
өңмендеді өткізем деп өтпесті.
Бірер қыстап, бедел таппай бетке ескі
тағы көшті...
көшті, көшті, көп көшті.
Жер іздеумен құнарлырақ,
тектірек,
жазықтардан, жайылымдардан өтті көп.
Көшу, көшу –
шешкен теңін түндегі
таң-азанда қайта буды ел тепкілеп.
Нені ойласын –
күдік тапты не түрлі,
күдігі сол:
тез тозатын секілді
бейтаныс жер,
бедеу топырақ, жат алап.
Түйесі де шөлден өлсе қаталап,
құтты қоныс бола ала ма жер ондай –
көше берді сөйтіп қатал, керең бай.

3

Қозғал, шоқал,
көш, көш, көк тас,
тау, ырғал,
бай да көшті – байлығынан ауырған.
Атқа ер-тұрман,
жүк артатын түйеге
шыдамады дұрау-ағаш, бауырғал.
Көлеңкесі құсап бұлттың жылжып паң,
ауыр малмен шығып еді бір жұттан,
тағы ілікті жұт ішінде жұтқа шын –
қайдасыңдар, шоқал-шоқпыт, ықтасын?!
Бай жұтады, онда хақтың ісі не,
жел – құйын боп ойнап мінді күшіне.
Жыртық болсын, ірге болса, қымтар ең,
қанша амал бар іргесі жоқ кісіге!
Астам пиғыл кетті жапан-түзге алып,
қосылды оған қыңырлық пен қызбалық.
Көшті, көшті
баласының өлігін
туған жердің топырағынан қызғанып!
Қырылып кеп қалды дейді сонда мал,
апат келді дейді аңызда болмаған.
Тәңір айтты дейді бірде бұлт жыртығын сығалап:
«Қоныс іздеп болмай-ақ қой енді алаң!»
Сонда ғана ес жиыпты сорлы бай,
ес жиғызған: «Әттеген-ай, қорлық-ай!»
Жегі жеді өркөкірек жанды лас,
кешегі бай атанды ілез «қаңғыбас».
Су бүрік, бұл, жел көтерген шаңды бас!
Бай жоқ!
Енді «қаңғыбастың» ық жағын
қасқырлар да, ұрылар да аңдымас.
Өлер шағында, айтпақшы, әлгі бай-қасқа
баласына былай депті:
«бөтен жерге жайғаспа,
қайырымсыздық етпес еді тап мұнша:
біздің топырақ ата-жауша, сатқынша,
қанша кедей болсаң дағы ақ-табан
хақ бұйыртқан топырағыңды тап, балам!»

4

Қоныс емес, іздегені бас қамы,
көшіп келед, көшіп келед қасқа әлі,
жел-қаңбақтың көлеңкесі құсап көшті, көп көшті,
ұмытты тек ескі есені, кекті ескі,
тағдырына тәнті болды бай ұлы.
Арық атқа қамшысы мен айылы
ауыр тартқан шағында,
ақ шағылда, алданумен сағымға,
тағдырынан қашып жүріп
ақыры
тағдырымен беттесті.
Түсінігі, түйсік-жібі дүмбілез,
дүмбілездеу жан ед бұ да бір мінез.
Көшіп, көшіп қонған жерде,
бір түнде,
бір жөтеліп күркілдеп,
бір ықылық атты-дағы жұмды көз.

5

Қарт айтты әлгі қарап тұрып қазанға:
– Қырсық құдай, жеңдің ғой сен,
Жең енді!
Осы жерге жерленбесін дегенді
қазан көміп тапсырып ед қасқа бай,
айла-амалы болмаған соң басқалай
жалғыз ұлын әкетіп ед қашырып,
«Жазмыштан озмыш жоқ» –
осыны ұқ!
Кері кеткендер, кел, жылайық қосылып!
Бастан өтті не бір жағдай, не күндер,
жаулық әкел, ей, келіндер, кебін бер.
Қанша-мұнша асау көкірек, аш сана
Қорқыт құсап өз көрінен қашса да,
бұйырмысы – жазуы осы – көміңдер!..

                             * * *

 «Бұйырмыс» та, «жазмыш» та – кәрі ұғым,
қалай ата – бәрібір ғой, бәрібір.
Қай жерде адам, ырыс таптың, құт құрап,
қай жерде, адам, маңдайыңа бітті бақ,
қай жердің де өз тағдыры бар шығар,
топырағыңа біткен тағдыр – мықтырақ.
Туыпты әкем баурында бір үрпектің,
әкемнің де тілегін қарт тілепті бір текті.
Ол туғанда кім білген:
қай қабақтың топырағы бұрқ етті?!
Болмады, рас, қоныс іздеу ықылас,
өз көрінен қашпағаны да ып-рас.
Қызыл вагон – қызыл, қызыл от-тізбек
алып кетті деседі ғой – өтті шақ.
Қызыл вагон – қызыл, қызыл от-тізбек
жанып кетті деседі ғой түндерде
шұбыра ұшқан оқ құсап.
Түбі қайтып оралар-ау деп біз де,
күттік, күттік – өтті, бітті қан майдан.
Кім біледі, майдан да емес,
әкем сонау шалғайдан
бір бұрқ еткен топырағын кетті іздеп?!

1983