Әр қурайы бас иіп
шығады алдан
о, тоба-ай.
Әр сүйемі – қасиет,
әр басқан із – нотадай.
Әр тамыры аршаның
ішек болып кетулі.
Әр бұтаның саусағы
күй шертетін секілді.
Түнде қандай Айлы өңір
түскен кезде аңсап кеп.
Башайларың бейне бір
кететіндей саусақ боп.
Қошалақ-құм аталған
үлпіп жатыр жер осы.
Темір қаққан тақаңды
тым дөрекі көресің.
Жан-жағың күй – саз түрлі,
сен сәбисің,
ана – қыр.
Қалғандайсың қаз тұрып
столына дананың.
Киелі әр тас мұнда,
енді аттау ұят-ты.
Табаныңның астында
бір құпия
жазу жатқан сияқты.
1967