Әйел деген – бір драма күрделі,
Дүние емес драма деп жүргені! –
Салыстырсаң мінезімен әйелдің
Жай нәрсе боп көрінеді әлем бұл.
Бірде күлкі, бірде қайғы, бірде наз –
Дәл осыны шын бағалап жүрген аз.
Сан сахна, сан шымылдық... сан қилы
Кейіпкер бар, әне, бірі жан қиды,
Сол әйелдің күлкісі үшін тірі өлді –
Тым беріліп ойнап еді рольді!
Бір жымиып, күрсінсеңіз бір тұрып
Драмаңыз сала берер құлпырып!
Ұлы тартыс, шым-шытырық сезімдер, –
маған, маған тағы біраз төзім бер;
Айып етпе!
Әйелдердің көзінде
Бір рольді ойнап келем өзім де.
1965