Дойыр дейді,
күмістелген сабы әппақ,
шешем кейде көреді ұстап қабаттап.
Дұрыс шығар өрімшінің есебі:
осы қамшы он екі өрім деседі.
Иесі өліп сұрапылда кешегі,
маған қалған жалғыз мұра – осы еді.
Бейне тырнақ астындағы күбірткел,
күмісінің кеулеп кейбір тұстарын
қара бағдар жүгірткен.
Қамшы ед дейді әйгі болған елге аса,
ал, қазіргі қамшылығы – далбаса.
Қынжылды анам: «жоғалыпты тер исі,
рас екен шынымен тұл қалғаны».
Қамшы ұстауға жарап едім мен-дағы,
қайтем, дедім, мінер атым болмаса?!

Сен үшін бұл қару емес мықты аса
ақ сор болып аттың тері жұқпаса,
зат қой, дедім, ескілігін бұлдаған –
басын шайқап күлді анам:
қамшы сыры, рас деді ол, ескірек...
Кейігенде тастаушы еді кескілеп
аты түгіл қатынын да ол заман –
ат қағынса – пұлын пайда ет, олжалан,
қатын тасып кетер болса – сол жаман.
Бүгінгі ердің – еркек болып жүргені аз,
қоқаң-қоқаң, қоқаң-қоқаң кіл қораз.

Түсіндім мен: күлдім, күлдім,
ал, келін
содан бері енесімен дүрдараз.

1983