Ішім пысып ыңылдап отыр ем,
Күн – Жексенбі,
кітап қарап шкафтан көтердің сен өкшеңді.
Электрлі қоңыраудай жаным менің шыр етті,
сілкіп-сілкіп жіберді сол бір шырыл жүректі.
Көңлім қалғып отыр ед – ыстық бөлме-көкірек,
терезе, есі-гі жабық:
тым пысынап кетіп ек.
Көтердің сен өкшеңді.
Көңіл деген – көңіл-ау –
класс толы оқушы соғылғанда қоңырау
ұмтылады-ау есікке бір рақат сезініп,
мен де сондай боп қалдым – көңіл емей не мынау:
Жексенбі еді күн, рас, көтердің сен өкшеңді,
Іздегенің шкафта бола қоймас деп сендім;
болса-дағы табылмас,
қу кісімін басынан:
қызға керек кітапты – әрегірек жасырам.
Үңілдің сен томдардың әрқайсына қап-қалың,
танымадың бәрібір,
бәрібір түк таппадың.
Өкшеде емес мәселе,
басқа жақта жатыр-ау,
бірақ өкшені де сол көтере ұстау мақұл-ау:
бұралады тар мықын,
жұмыр балтыр, тақым-ақ,
сезім шіркін шам көрген көбелектен де ақымақ.
Көтер, көтер өкшеңді,
табаныңа саты қой,
ағалардың да кейде аға деген-аты ғой...
Бойың жетпес, бойжеткен,
көтермесең өкшеңді,
ол кітапты биіктеу қойып едім – жетші енді!
Сен іздеген кітаптың барлығы асыл деп сендім,
деп сендім мен сен келген күннің бәрі Жексенбі.
1983