Ертең бұлтты болар білем тағы аспан:
құлақтары салбыраған ағаштан
бір жарқ етіп көрінбеді тау үсті –
тағы менің күнім бұлтқа қауысты.
О, қаһардың қайқайып бір соққаны,
көлеңке жоқ,
шуақ жақ та жоқ тағы,
дүние шіркін алагеуім бір түрлі:
Қоңыр самал есе беріп іркілді,
қоңырқай бұлт көше беріп тоқтады.
Серік тұтып, сенім артқан бір досым
тағы менен аулақ салды іргесін.
Өтірігін өздері ойлап шығарған
тағы да жұрт менен көріп жүрмесін?
Тоғышарлар тоғайынан жол таппай
жалтақтайсың,
жалтақтайсың,
жалтақтай
бала – масыл болып кетті,
қарт – надан:
неткен тірлік топырағына тартпаған!

Колумб ашты бір құрлықты кеп-кеше,
өйтер ме еді ол өзін-өзі шектесе?!
Әлі күнге өзіме, өзім жетпесем,
ешкімде емес, тек өзімде кетті есем!
Қоңырлық па,
қорқақтық па бұ сұмдық
қарап жүріп қылмыстыдай қысылдық.
Не ой артып,
не жүк тартып бой талмай,
босқа божып жүргенің де байқалмай
ғұмыр өтіп бара жатыр;
сен жүрсің
айта жаздап, айта жаздап айта алмай.
Ертең бұлтты болар білем тағы аспан,
тағы маған кезек тисе, жақ ашпан,
тағы да мен ештеңе үшін таласпан,
тағы отымды ойлар қажап тауысар,
тағы менің күнім бұлтқа қауысар.
Тағы ашылар аңқау ойлау, пәк күлу,
тағы да аңдып, алып тынар әккі қу.
Өз жайыңды өзіңе айтып ән ғылып,
саусақ тағы перне кезер қаңғырып.
Неге өйтпедім,
неге бүйтпеді екем деп,
өзіңді-өзің қамшыларсың тепеңдеп,
тағы да бір өкінерсің санды ұрып –
тағы саған тимей қояр көмегім.

...Желкені ғып моторы бар кеменің
жаратып па ең әу басында мені, Елім?!

1983