(Қайыр қарттың хикаясы)
Қырықтың бірі – Қызыр
Халық
Біздің қария кісі еді-ау бір кең пейіл,
жоқ, айтпаймын бір шайы мен бір етін:
кім келсе де – аяғына еңкейіп,
қонағым деп кебісін сап жүретін.
– Сақалыңмен бала құсап, – деп ұрсып,
тілкем-тілкем алақаны кебірсіп,
қолын сілтеп түңілетін кемпірі.
– Қонақ келер отырғанда мен тірі,
шаруа бар, шатағың не, шал аман,
кемпірім-ау, пейілің тар-ау, дейтұғын, –
аулақ, аулақ тек мына бір баладан.
Ит шәу етсе – елеңдейтін, елеңдеп
отыратын әлдебіреу келер деп.
Тірлігі осы болды қарттың,
со қарттың
жоқтығы да еленбейтін сол елде,
жоқтығы ғой, десетін жұрт, жомарттың.
Рас, рас, жоқтықтың да көп түрі,
мал қоймаса пышақтардың өткірі –
ол да жоқтық-қа апарады,
дегенмен
жоқтығынан су таппайтын кедейдің
ауырырақ жомарттарда сойыс малдың жоқтығы.
Байдың кедей болмағы, рас, қас-қағым –
бай еді шал,
бір жылы
оты ортайды, кедей бола бастады:
– Қасқа сиырды ұры әкетіп қалыпты!
– Ештеңе етпес, – деді қарт, –
бар ғой әлі баспағы?!
Сонда да қарт бір шәйі мен бір етін
тауып жүрді,
– Қайдан? Қалай? – түсінбеді ел оны:
қарияға өзі әперген беделін
ел жарықтық өзі күндеп жүретін.
Бір асым ет жоқ деп еді сол күні –
қария мықтап толқыды:
әлдеқайдан сау етті бір топ қонақ.
Ит те үрмеді,
қазан асар жоқ тамақ.
Қалбаң қақты кедей ғана кең пейіл,
әр қонақтың аяғына еңкейіп.
Жалғыз баспақты алып шығып ноқталап:
– Ал, сой! – деді күйіп кеткен кемпірі.
– Дұрыс! – деді қария сонда, –
отырғанда мен тірі,
үйден тоймай аттанбайды жан адам,
шаруа бар, шалың тірі, бала аман!
Жалғыз баспақ тұқым қалса сиырдан,
– Мал екен ғой бұйырған! –
Кедей үйде тағы да бір ет пісті.
Ұрт жағынан тілі іздеді бір қарттың
ауызында жоқ тісті.
– Сиыр сою жөн емес-ау бұ шақта, –
деп бір қонақ жармасты өткір пышаққа.
Көп-көп пышақ жалақтасты: кес те, кес!
Көп айтылды қысыр кеңес, бос кеңес.
– Жай қонақпыз, – деді тіссіз қарт әлгі, –
саған бұ жұрт ағайын да, дос та емес,
қонақ қана емес-ау,
ұрылармыз біз әрі,
– Жоқ, «біз» емес,
Мен! – деп шықты бір кісі, –
жарықтықтың, тым құрыса, болсашы
ауыз үйінің есігінде ілгіші!
– Мен ұрлағам!
Тағы біреу:
– Мен! – деді,
екі-үш адам ерегісті, көнбеді.
Бір-ақ сиыр ұрлағаны, болса дағы тегі ірі –
қайдан шықты осыншама көп ұры?!
Ертесіне ертемен,
кешегі жұрт алған, бір-бір мал ұрлап
тұс-тұс жақтан келіп жатты дабырлап.
Екі-үш сиыр: маңдайының ағы бар,
қызылы бар... тағы, тағы, тағылар.
Көрші-қолаң сыпсыңдасты,
ит үрді,
іргеде мал жайылса,
ит даусы да естіледі-ау сүйкімді.
Кемпір ғана ойбай салды дауысымен қарлыққан:
– Ұрлықпен келген мал ғой барлық мал,
әкетіңдер!
Соры қайнаған шал біздің
шаңырағын ұстаймын деп жалғыздың
алжасқаны – мал алғаны ұрылардың қолынан –
алсаң, құдай, жөніңе ал!
Сонда бүкіл жиылған жұрт күлді кеп,
Күлді «ұрылар» бос тістері күлдіреп.
Тісі жоқ қарт шыға келді ортаға:
– Әзіл қосып сөйлемесе жорта адам,
іш пыстырып жібереді бұ тірлік,
біз де адалмыз, ұры емеспіз – шүкірлік,
дәм татқанбыз кешегі адал сорпадан;
көпшілікпіз,
ел деген де – осы біз,
сенің шалың осы біздің досымыз.
Соған мұның кедейлігін қосыңыз,
жомарттығын қосыңыз!
Кеше біреу: кедей деді о қарттың,
жақсы аты бар,
жабатыны жоқ артын.
Ел бола ма жабырқатса жақсысын,
жебемесе жомартын!
Қолымыздан келгенінше түзедік
шаруасын; сол шаруаны
шайқаған да – біз едік.
Бізден ет жеп жатқан жан жоқ бір асам,
дүйім елге жеткізсін деп мына шал
бір-бір қара қосып тұрмыз;
«кенеліп»,
аз дәулеттің, аз малдың
жаманатын осы тартсын деп едік.
Бұдан өзге кесірлік жоқ бізде де,
тек қарызым – қайырам деп іздеме.
Даңқың желдей тарай берсін, о, мәрттік,
сен де жаса, кедейлік,
кедейліктің жан серігі – жомарттық!
Осыны айтып алақанын алды ұрып –
жоқ болды қарт,
даусы қалды құлақтарда жаңғырып,
аузын ашып таң боп қатып қалды жұрт...
Әлде күндіз,
әлде түн,
әйтеуір бір уақытта
«Әлгі қария – Қызыр!» – деді әлдекім.
Әрине, о қарт Қызыр, рас, – анық бұл:
қызыр десе әлдекім
өз көңілінің қызырлығын танытты.
Қызыр болып жарылқайтын ғайыптан
мейірімі шығар бәлкім халықтың?!
Аңыз – ала,
тұрмыс – құла,
жол – шұбар,
бұ тірліктің бояуы да мол шығар.
Қызыр дару, халық үшін, шын арман,
сол халық қой Қызырды да шығарған?!.
1983