Махамбет шал төгіп кетті отты өлең –
Топырағымда ерлік болып көктеді ол.
Абай аға егіп кетті ойлы өлең –
Қазағымның қасиеті боп сөйледі ол.
Топанына тоғыттырып жер-көкті
Қара нөсер Қасым аға – ол да өтті.
Ілияс еккен ақ бадана сөз дәнін
туған топырақ тал бесік боп тербетті.
О, Молшылық!
Байлық еді бұ неткен –
бал ағады шүмектен,
алтын ақтап жатырмыз біз күрекпен!
Менің дағы халім жақсы,
қызықтады көп адам:
нарттай қызыл нан суырдым табадан.
Ырысым сай еңбегіме, ісіме:
Кем болмайтыны секілді масақ терген кісі де
Миллиард пұт астық берген даладан.

1981