Толқындар жоқ,
Қояды жай ырғалып
Өзек суы,
Маңай тыныш бір қалып.
Тырс-тырс етіп екі-үш қайық жағада
бірін-бірі бүйірімен тұр қағып.
Ақсақал шал қолына алып таяғын:
– Балам, – деді, – баратының қай ауыл?
Айтып едім ескі құрдас бір ерді,
Қарт таяғын тастап келіп жіберді.
Құрдасымды жек көре ме деп ойлап
сасып қалдым,
сауал бердім абайлап.
Сауалым да болды білем мардымсыз –
аларып бір қарады да ол қалды үнсіз.
Мен де үнсізбін.
Отырып қарт қайтадан
таяғының бұдыр жерін сипап ап,
өтпейтұғын кездігімен қиқалап
жонып кетті.
Асықпайды түк қолы,
қаламайтын секілді істің біткенін.
Кездеспейтін халім еді бұл менің,
не ойларға,
не айтарға білмедім.
Бұ да, дедім ыза болып, біткен ел,
біреуіне бітпеген соң түк бедел.
– Ата, – дедім, – жолаушы едім.
– Білгемін,
Шыныңды айтшы, іздегенім кім дедің?
Не де болса шындық болсын деп ойлап,
Өз шешемнің атын айттым абайлап
Сонда қарттың жыбыр етті ақ мұрты:
– Бар деуші еді баласының дакпырты,
аты дардай бір естіген құлаққа?! –
деді қария,
қозғалған жоқ бірақ та.
Жона берді таяғын жай;
ол әлі
мені мүлде байқамаған болады.
Күн кешкірді.
Шыдам бітті қап-қалың,
Жалынуға жаңа сөз де таппадым.
Жібітуді ойладым шын кәріні,
ал ол үшін не айтсам да бәрібір:
– Ата, – дедім, – шынымды айтсам тегі мен,
үйіме тек кіремін де көрінем,
Қайтыс болған бір ағасы шешемнің –
Орнына бата етуге келіп ем.
– Өй, – шошынды ол, – суайтым-ай көк ерін,
Қайтер екен, бір сынайын деп едім,
таптың сөзді, өтірік те болса, енді,
елден безіп, ермек қуған белсенді?!
Сәби ең сен...
Ұмыттың ғой шамасы,
тұқымыңнан аумай қапсың, қарашы,
Мен боламын шешеңнің сол ағасы! –
Осыны айтып, күлді-ай келіп нағашым.

1981