Бүр жарды, әне, бір бұта
Жасыл тартты кең өлкем,
сол болар деп күні ертең
саялайтын көлеңкем,
үміт еттім, мен соны
Сүйеу көрдім, бір түрлі
Жалғыз бұта – орман боп
Желден қорғар сықылды.

Жалғыз жапырақ сарғайды –
Күз желі алды кеудемді.
Маған қонды бар қайғы,
Сарғаям-ау мен де енді
Деген ой жеп, көңілімді
Күмән алды – күмән сол:
көктемейтінге ұқсады
Жалғыз ағаш бұдан соң.

Бір көгеріп дүние,
бір сарғайса – алды ашық.
Өтіп жатыр уақыт
Көк, сарысы алмасып.
Күз келерін қайғы етпе,
Күзде бүкіл ырыс-бақ,
қуару үшін күз құсап
ең алдымен көктеу керек дұрыстап.

1981