Көк тұманың көмекейі бүлкілдеп
Тұншығып бір күліп жатқан сықылды,
Бір сүйініш жүрегімді түртіп жеп,
бір өкініш шымылдатқан сықылды.
Ауық-ауық бір әлжуаз үн шығып,
жоғалады ауық-ауық тұншығып.
Жапырақтың құлақтарын қалқитып,
Әлдебіреу қойған сын-ды тыңшы ғып.
Қатып қапты екі қой-тас мінгесіп,
жібек қайың таранады судырап.
Шалғын кезіп, шалдуарлау күн кешіп,
Жасыл шашын тарқатады су жылап.
Сай оянды.
Ақырын, Жел, жап-жасыл
тал, теректің түймелерін үзесің...
Жібек қайың қағып тұрды жамбасын,
Қайсар емен – тізесін.

1980