еммен!..”
* * *
Осыны айтып тағы айнала қарады ол,
Отырды әрең жанын жауып жабағымен.
Жан сыры оның сылдыр қағып пәк төгілді,
Дайында тек қаламың мен дәптеріңді
Пәк деген сөз бірақ оған жат көрінді!..
Гүлге малтып тұр ғой бүкіл қала күліп,
Кеңселерге тым асығыс ел келеді.
Қалтасынан темекі алған бала жігіт
Майда ақшасын шашып алып еңкейеді.
Сол бір кездің сөз қыламыз бір ауруын –
О, тарих, бетің болса қызар бүгін!..
Ал, айта бер әңгімеңді досым енді,
Сол күндердің несі қалды, несі келді?
БЕСІНШІ ӘҢГІМЕ
І
“Соттар залы. Люстралар.
шайқалды зал салқын күліп,
Осы залды менің титтей
тағдырым тұр алқындырып.
Біреу отыр, арқалыққа
майлы иығын тірейді өле,
Біреу отыр жасын төгіп,
біреу отыр үрейлене.
Кейбір көздер қарайды атып,
ата жауы секілдімін –
Ондай көзден қашамын, мен –
қасқыр қуған жетім құлын.
Ал, біреуге болып отыр
менің ғана кінәм – қайғы;
Өтінеді ол, кімнен сонда?
оны өзі де біле алмайды.
Бәз бір бастар түсіп кеткен
ілініп тұр иыққа әрең,
Көтерілші, о қайран Бас,
сендер неден кіріптар ең!..
Ақырында оқылды үкім:
“Он сегізге толған адам,
Сол он сегіз жыл ішінде
еш жақсылық қолдамаған.
Өз еркімен тіленіп кеп,
өзі қашқан сол еңбектен;
Сол еңбекті қиын депті –
Емес пе бұл төмендеткен!
Әкесі оның қыңыр адам,
біледі екен жат елдерді,
тамсанса оқып таңдай қаққан
Майлиндерді, Сәкендерді.
Сөзін жақтап жау адамның
Таланыпты бүргеге оңды,
Естімесең есіттірейік:
әкең биыл түрмеде өлді.
Одан әрі естімедім...
Қос құлақты тығындаппын:
“Тұңғиыққа кеше түстім,
Сондықтан да бүгін баттым.
Біздің жақтан соққан желден
өткенімді біліпті олар.
Бұл дүниеде жамандықтың
Жәйі бар ма ұмыт болар!
Білмеппін мен сол шахтада
терілгенін кіл кінәмнің;
Құйрығы ана, басы маған
жеткен екен сұр жыланның...
Мыртық бақай орындықтар
Күбір-күбір толды үнменен;
Сол үндердің арасынан
Таптым үкімді “он жыл” деген.
“Он жыл!”, “Он жыл!” – осы бір сөз
залдың ішін кетті аралап,
біреу қалды жеңін шұқып,
біреу тұрды көкке қарап.
“Он жыл”, “Он жыл!” Жалғыз сөзге
Соттар залы толды бықсып,
“Он жыл”, “Он жыл!” қабырғаға
соғылды да болды быт-шыт!”...
II
“Он жыл, он жыл мойныма
мініп алып тепеңдеді,
Он жыл, он жыл! – Ауыр екен
ұят па әлде көтергені?
Он жыл, он жыл! – әрең, әрең
арқаладым бос ғұмырды,
Сақтады он жыл сол баяғы
күрегіммен достығымды...
Он жыл, он жыл! Жеттім бірақ
сол он жылдан бұрынырақ
бүгінге мен! Берді тірлік
Он жылдық әр күні құрап.
Өкінем де риза болам
өткен күнге кінәмді алған...
Көрдік сондай екі көзді
Бір-бірінен күмәнданған...
Елге оралдым. Болды үмыт.
Бәрін бәрі жаңа ғыпты,
Жалғыз-ақ қарт әжемнің
Шашы түгел ағарыпты.
Совхоздамын. Күйім жақсы
музыкантпын қазірде мен,
Әр кеш сайын клубта боп,
түнге оқуға әзірленем.
Бас шайқаумен қарайсың тек
Сол бір өткен тылсым-жылға...
...Ал, өзің ше? Айтшы және,
не бітіріп жүрсің мұнда?”
* * *
Бітті әңгіме. Сағат тоғыз.
Қызметіме асықтым мен;
Бұлақ жатыр селк-селк етіп
Іші-баурын басып күлген.
Кей аяққа жұқпас сазға
кейбір аяқ батып қалар,
Батқанның да, шыққанның да
бабын жалғыз уақыт табар...
“Он жыл”, “он жыл” – деген бір үн
Септі бізден айнала мұң;
Сонда бүкіл осы күнді
Ойша құшып аймаладым.
Бір-біріне екі қол жау,
бір кеудеге несін берді.
Солай, солай! Туды тарих
қарама-қарсы есімдерді.
Айтылған сөз адаспайды –
Маған ба еді, саған ба еді?
“Он жыл” жәйін жуып-шайды
Алатаудың самал–желі.
Сол он жылдың, дос жанынан
өшпеген бе таңбасы әлі –
Күлкісі мен көздің жасы
қатар тұрып арбасады.
Сол он жылды шаңдай қағып
Тұрды–дағы жүре берді ол,
(Секілденді көп ойы оның
көкірегін тіреп өлген).
Қоштастық біз. Мен де кеттім.
Өмір, сенен нені өтіндім –
Соны берші мына бізге,
Соны берші, келетін күн!
Өткен күннің кінәсіндей
құмға батып қала берді
Сол он жылдың орынында –
Он тұқылы темекінің...
1961 жыл