көз салдым мен айналаға,
Кәдімгі көктем жатты қайнап аға.
Шыңына Алатаудың бұлт ілінсе,
Жел оны жөнеледі айдап ала.
Қалғып тұр жапырақтар бүктелмеген,
Леп қозғап аунатады шықты өлмеген.
Көзіне алма ағаштың ақ тұрыпты,
Секілді бұл Алматы түк көрмеген.
Қайғы мен қуаныштың безбендері
Өлшеді, өлшеп тұрды сөзбен мені.
Кенеттен досым менің атып тұрып:
“Мен бұған төзе алмаспын, төзбен!” – деді.
Ұқпадым бұл қимылдың неге екенін,
Ұқпадым азап даусын, келеке үнін.
Көк бұлттан көлбеп ұшқан құшып қырды
Көлеңке үстімізге түсіп тұрды.
Күйініп кетті ме әлде ол осыған
От шығып өлген күннің моласынан!
Ұқпайды көлеңкені шуақ жанған,
Қайғыны ұға ала ма қуанған жан?
Шуаққа осы күннің жарығаны-ай!
...Жалғады ол әңгімесін әрі қарай:
ЕКІНШІ ӘҢГІМЕ
I
“Содан кейін бес күн өтті;
Атам кенет қатты ауырды...
Көкейінде кеп күрмеліп
үзіле алмай жатты-ау үні.
Әлі есімде, сол кездерде
Бір жас кетті сүртілмеген.
Сөйлеп жатты ол үзілгенше
Түсініксіз бір тілменен.
Сол күні ол мені жанып сүйді,
Ұқсады ыстық жел өткенге.
Сусын ішсе талықсиды –
тұра алмадым демеп мен де.
Төс сүйегі бірте-бірте
төмендеді, төмендеді,
Кенет жанып, үйдің ішін
бір сүзген көз: әлем деді.
Бірте-бірте шыта берді,
Шыта берді қабағын тек,
Көзге кірпік бол-бол қақты
қарама енді, жабамын деп.
Қатты шытты-ау қабағын ол –
ауыр жара батқандай боп,
Әрең өлді ол, бір ауыр жүк
алып бара жатқандай боп.
Сол салмаққа шыдай-шыдай
бітті білем жан тағаты,
Келді осылай, өмір бойы
күткен оның салтанаты!..
Үйдегі әрбір көлеңке жер
тұрды үрей боп бәрі аңдыған,
Бір күшті сел басты бізді,
Жүрдік малтып қараң-құраң.
Үйрендік біз аз-ақ күнде,
үйрендік біз бұған-дағы.
Тірлік заңы – бір қатал заң
Ойландырмай тұра алмады.
Бір көкжиек ашылды алдан,
Нағыз еңбек – қарбалас күн.
Сол колхоздың кеңсесіне –
Есепші боп орналастым.
Тағы да өмір өрмеледі,
бір қызу күн келді күткен.
Ымырт шалған кеудедегі
Бос орындар толды үмітпен.
Бұл да бірақ болмады ұзақ,
Тағы бір “бақ бітті” маған.
Қалай оңай жұмыс алсам,
Солай оңай шықтым одан.
Сол бір күндер қиын еді
Алғысынан жаласы көп.
Қызметтен қуды мені
Жау адамның баласы деп...
Әжем ғана өз-өзінен
Қуанады, толады кеп.
Кәрімжаным күнбойы үйде,
Өз жанымда болады деп.
Өзі аяқтан сылтып жүр
Ауық-ауық белім деді,
“Көсеуімді кім алса – сол
Болсын маған келін деді”...
II
“Құлағымда жазық бар ма,
әже, сені тыңдаған бұл?
Байлар едім, қазық бар ма
Көп арманын бұл балаңның –
Болмаса егер ондай қазық,
өнер табам, кетем, ана,
Кәрілік пен саған пана –
Бір үй бар ғой екеуара” –
Дедім бір күн, жылады әжем –
Құла дала құшаққа алды,
Толқыды алап... әппақ жаулық
Ақ түтінге ұқсап қалды...
Тұңғыш рет елжіредім,
Қимадым мен сол бұтаны.
Қарай бердім көк құраққа,
Қия алмадым көлді тағы.
Анау төбе, мынау сайға
Жүрек қандай сый қылады?..
Мен қия алмай тұрсам-дағы
Мені бірақ қиды бәрі.
Содан кейін сол далаға
қайырылып бір қарадым.
Көкжиекте қарауытқан
бір нүкте боп сырғанадым...
Сүйтіп осы Алматыға
Лақтырды жол бір бүктеліп
Тас мойынын құшақтадым
ақ бұлақтай ырғып келіп.
Бірақ... бірақ оқуға мен
Түсе алмадым, түспедім де!
Онда вуздар болмайтұғын
Мен секілді “үшке” мүлде.
Адам деген қызық-ақ қой –
кінәладым сонда адамды,
баяғыдан бергі үмітім
басқан іздей жолда қалды.
Қайтем елге? Айта көрме!
Көріне алман көзіне елдің –
Онда барсам, өз қайғымды
Бұдан жаман сезінермін!
Әкем, әкем сотталды ғой,
соны бетке соғар тағы.
Ескіріп ол қалған еді
Мені көрсе ел – жаңартады.
Әке жәйлі әр естелік
ауырады жарамдай мың;
Әжем қалды-ау, қайран әжем..,
Жо, жоқ, елге бара алмаймын!
Енді қайтем – болмады оқу,
дарымады жаныма өнер,
Абырой алып келсем қайтер
Қарағанды барып егер?..
* * *
...Жылт етіп сол кездесу шықты есімнен
Табылған оймақтай боп бүктесіннен.
Сезбеуші ед онда мұндай мына Кәрім
Адамға адам қояр кінә барын.
Бар еді жанында бір әдемі жел,
Сезімнің сирек туар әлемінен.
...Вагонда танысқанмын мен мұнымен,
Пейілдің тарлығымен, кеңдігімен.
Қиялдың қанатында қалқып жаны
тамаша еді бір билікке талпынғаны!
Саусағы әр күйді бір шалып қалып,
Менсінбей отырушы еді шабыттанып.
Таңдансаң Құрекеңе таңдай қағып,
Жарқырап ашылмайды Маңдай нағып! –
Қызғана, қызыға да қарап ем мен
Өзім мен оған ортақ параллельден.
Міне, енді алдымда отыр сол бір адам
Бір мысқал қалған мыстай мол мұрадан.
Қарадым саусағына қадалып мен
баяғы әуесқойлық, балалықпен.
Манадан өз ойыммен өзім болып,
Досымның отырғаным сөзін бөліп –
Есіме жаңа түсті. Жоғалды ойым.
– Ие, айтшы, не болды енді содан кейін?
ҮШІНШІ ӘҢГІМЕ
І
“Содан кейін... дос боп алдым
Қарағанды оттарымен
Күндер шабан – тартынады
Секілденіп ноқталы інген,
Кері кетсең – әдеті ғой
асықпайтын уақыттың;
Сол уақыттай мен де асықпай
Талай көмір уатыппын.
Шахтер болу қайда маған! –
көк баламын сия-қарын,
Сонда да ешкім ұялтпады,
өзім тілеп ұяламын.
Жұмысты мен он есе аз
істеп жүрдім жігіттерден,
дәрменсізбін, кәрі әжемдей
нанды жеймін үгіп берген.
Уатамыз көмірді біз –
көрінбейді бірақ шаңы.
Көмір... өмір... бірнеше от
бір кеудеге тұрақтады.
ІІ
“Мен – бала едім, маған қояр
кінә да жоқ секілді еді,
Тер аралас көмір шаңын
көр