Алғаш рет көтерді екен туды кім,
тіккен туға табынды екен кім бұрын?
Қарқ етті алғаш қара қарға қай маңнан,
сайрады алғаш қай орманның бұлбұлы?!

Ақ отаудың кім ашты алғаш түндігін,
жылатты екен алғаш рет кімді кім?
Алғаш рет кім көрді екен күнді бұл, –
бәрін, бәрін есептейтін күн бүгін!

Тудырды екен алғаш шумақ жырды кім,
күлдірді екен алғаш сәби ұлды кім?
Кім екті екен алғаш рет гүлді бұл? –
Сайра, сайра, менің момын бұлбұлым!
 

Алғаш рет жылатқан жан біреуді,
алғаш рет күлдірген жан біреуді:
біреуіңе алғыс айтам!
Ал, шындап
біреуіңе қарғыс айтам қалшылдап!

Бақытты ана – тапқан ана алғаш ұл,
гүл еккен жан, сенің ісің қалды асыл.
О, жасаңдар, алғашқылар!
Айтам-ау,
кейінгінің бәрі, бәрі қайталау.

Қызыл туды кім тіксе алғаш, дәл соған
арнап бүгін бір әсерлі ән салам.
Сөз сенікі, өрген адам жырды алғаш,
көз сенікі, көрген адам күнді алғаш!

1970