Сендер, сендер ақталмай-ақ қойыңдар,
алғаш рет сілтенген ақ сойылдар!
Алғашқы қол, жат қалтаны ақтарған,
алғашқы адам барымтаға аттанған,
сендер, сендер ақталмай-ақ қойыңдар!
Алғаш рет бір жалт еткен көк алмас,
сенің салған ізің мәңгі жоғалмас.
Лағнат саған, қылыш алғаш бас кескен,
лағнат саған, аңға тиген, оқ, алғаш!
Жауыздықты үздік талай қауыз ғып,
жауыздықты бұздық талай ауыз ғып.
Жауыздарда бас болмайды, мойын бар –
қырқамын деп қызықпай-ақ қойыңдар!
Алғашқы оқ дарымаса тағы аңға,
қатер-қауіп болмас еді адамға.
Балағыңда кетпес еді тісі иттің,
жаудың қолы кетпес еді жағаңда.
Айып етпе, Алғашқылар, күнде өстіп
мазаңды алса маған біткен білместік.
Сендер тартқан көкпарды әлі тартамыз,
барымтаның біз де атына мінгестік.
Сендер, сендер ақталмай-ақ қойыңдар,
алғаш рет сілтенген ақ сойылдар!
Алғашқы адам, барымтаға аттанған,
алғашқы адам, арыз жазып мақтанған,
сендер де енді ақталмай-ақ қойыңдар!
1970