(Кітапханада)
.

..Жаным менің тұрды ауырып, кім емдер,
маған, маған бір жақсылық тілеңдер.
Қасық бал бер – қаңсып тұрды таңдайым,
миым менің кеуіп тұрды – үнем бер!

Мың дарынсың, шыңдарымсың ұмтылар,
мың әсерден арылам деп ұмтылам.
Әр теңеуден аттай алмай сүрінем,
әр теңеудің алдына кеп бір тұрам.

Мен сендерді тірі достан кем көрмен,
талай тірі достар бар ғой менде өлген.
Мен сендермен амандасып тұрамын,
Пушкин ақын қоштасқалы сендермен.

Абай, Блок, Махамбетте мықты арман,
ажал ғана мұқата алған Мұқтарлар.
Әрқайсысы бір ғасырдан жүкті алған,
әрқайсысы бір-бір елді құтқарған.

Жүр ғой мені Есенинше есті ғып
Вергилий мен Фирдоусидай ескілік,
Ерте жатқан әлем ардагерлері,
секілдісің мың бояулы кешкі бұлт.

Уа, ұлылар!
Жырларыңа бір жүзейін – тақтай бер,
берер болсаң аққуыңды – атпай бер.
Маяковский, қаһарыңнан сақтай гөр,
Уитмен-шал, сақалыңнан сақтай гөр!

Бурыл жал Пегасыңмен бір тең бе,
менің тайым соңдарыңнан бүлкеңдер.
Адамдардың арасына кішкене,
тұрмысыңдар, сыймай өткен үлкендер!

Жаным менің тұрды ауырып, кім емдер,
маған, маған бір жақсылық тілеңдер.
Қасық бал бер – қаңсып тұрды таңдайым,
көңлім менің көріксіз тұр – үнем бер.

Сендерсіңдер шағынарым, үлкенім,
момын жалын, жалынындай білтенің,
Қасіретті басып өткен мың ұстаз,
қайырымды, қасиетті мың томым!

1970