тыр.
Үндей алмадым, тілім байланып қалды. Тек есікті аштым да, иек қақтым.
Қасындағысы тұра айдады. Соңынан анау да шыға берді. Түлкі ғой, ұятсыз сонда
не деді дейсің ғой, тыңда, былай деді:
– Мен қонақты ұзатып салайын, сен ас дайындай тұр. Қазір келем. – О, бетсіз,
түлкі ғой, түлкі!
– Келді ме?
– Келді.
– Кіргіздіңіз бе? – Әйел жауап қайырмайды. Сұрақты аңғармай ма, аңғарғысы
келмейді ме, әйтеуір, сөзін сабақтай түседі. – Одан осы Костяға тап болдым. Жас,
сұлу едім онда. Костя көрмеге әдемі жігіт-ті. Шешем цыганка, әкем украин
дейтұғын. Қыз-қырқынның бәрі соңында шұбыратын. Бірде-біріне қарамады,
Менің жас, сұлу кезім. Арақты да басын жоғалтып ішпейтін-ді. «Тастақ»
ресторанында қызмет істеді. Оның екі міні болды: карта құмар еді. Сонсоң өлердей
қызғаншақ. Біреу менің бетіме қараса жарыла жаздайтын. Еркек атаулының бәрі
маған ғашық сықылды көрінді. Сенбеді. Күдіктенді де жүрді. Әрі жас, әрі сұлу ем.
Ол – ит қой. Ой-пікірі, тіпті, әзілінің өзінен түйіп жүрдім: әйел затын адам санатына
қоспайтын. Сосын, өзі жуысқан әйелдің бәрі – ресторанда қай оңған ұрғашы
болушы еді, шетінен бұзық болса керек. Маған сенбейтіні содан екен. Бәрі сондай
деп ойлайды ғой, бір күні оның қылмысының үстінен түстім. Намысымды жіберейін
бе, соған ерегісіп, әлгі бұзаумен таныстым. Өзім тиістім. Қатынынан айырып, тиіп
алдым. Ваняні айтам. Нағыз сор қасқаның өзі. Аузын буған қап құсап торсиып
отырады да қояды.
Идаят әбден жалығып кеткен, соңғы сөздерін ықылассыз тыңдады. Тек,
күйеулерінің қайсысын қай хайуанатқа теңегенін жадына сақтап қалды. Коля –
түлкі, Костя – ит, Ваня – бұзау. Соңғы, бесінші күйеуі жәйлі де бір-ақ сөз ұқты:
Федя – доңыз. Бұл уақытта картоп қуырылып, күйіп те үлгірген-ді. Әйелдің
әңгімесі, ниет-пейіліне рақмет жаудырып, кете берген, анау тоқтатып ап, екі қызыл
ондық ұсынды. Кеше мастықпен пәтер ақыны екінші рет төлепті. Соны қайтарып
берді.
2
Бүлдірген ештеңесінің жоқтығына көзі жеткен соң ғана көңілі орнықты. Бірдеңе
істеу керек екенін сонда ұқты. Жоғалтқан уақытын енді іздеді. Кешегі күнінің есесін
толтырмақ. Әуелі, есікті арасына манағы екі нәскиінің бірін салып, тығыздап
жапты. Сонсоң екі қолын артына ұстап, тұра қалды. Не істеу керек? Стол үстінде
екі-үш парақ нота қағазы, құйрығына өшіргіш қыстырылған қара қарындаш.
Қарындашты алса қолы дірілдейтіндей көрінді, қорқып ұстамады. Саусақтарының
сыртымен, столдың арғы шетіне таман ысырып салды.
Кенет, домбырасына көзі тоқтады. Бір пернесі – до-диезі босап жүрген.
Домбыраны қабынан суырып, төсекке шалқасынан тастады. Столының тартпасын
ашты. Ыбырсып жатқан қағаздардың бір қауымын алып былай қойды, бір
қауымын былай тастады. Сонсоң үйіндіге алма-кезек қарап, қабағын шытты – уһ!
Қағаздардың түбін-түбіне, бетін-бетіне келтіріп, тәртіптемек боп бір оқталған, іле
айнып қоя берді. Әйтсе до-диез бекімейді. Не домбыраны, не қағаздарды оқсатқан
ләзім. Екінің бірі. Осылай шешіп тартпаға қайыра қол жүгіртті. Екі басты,
қарындаштан басқаға зияны жоқ бәкі, соның екі басын бірдей ашып көрді. Екі
жүзін де бармағымен басып байқады, май-топтау. Екі жүзінде де қарындаш
ұшының ізі бар-ды, сүртіп тастады. Сосын жаңағы қағаздарды тартпаға қайта
сүңгітті. Стол үстін үріп тазартты. Бұл салақ, анда-санда ән шығаратыны болмаса,
басқаға құнтсыз жігіт-ті. Бүгін тықыраңдап-ақ бақты. О жер бұ жерге түскен темекі
күліне шейін үргіштеп, қаққыштап бітті. Еденде шашылған газет жыртындысы,
қарындаштың сынған ұшы сықылды, әншейінде көзі шалмайтын көр-жердің бәрін
алақанына шымқып салып, терезенің ашық әйнегінен сыртқа шашты. Әлжуаз
желмен қаңғалақтай ұшқан қағаз қиқымдарына назары құлаған, астыңғы қабаттағы
көршілерден ұялғансып, жымиып қойды. Келесі сәтте өзін-өзі ақтап та үлгерді.
Бойдақ, өзі ер адам... Төсегіне жайғаса отырып, домбыраны алдына көлденең
салды. Шертіп, бұрауын қарады. До-ны басқанда босаған до-диез ішекке тиіп,
аздап сырылдайды екен. Бәкінің өткірлеу басын таңдап жүзін перненің сыртқы,
түйіншек жағына таяп тұрып, бар күш-жігерін бармақ басына жия, басып қалған:
екі перне – до мен до-диез қабат қырқылды. Бір келеп шек-слюда қасында жатқан-
ды. Шетінен тарқата отырып, әлгі екі пернені бітіріп шықты. Қатты, қатырып
жібергені сонша, қазық-бау шала, қатар байланған екі шек ағашқа кіріп, сіңіп
кеткен сықылданды. До-диезді алып көрген, келесі перне – ре ішекке тиіп, сыр-сыр
етті. Оны кесіп кеп жіберген, аржағындағы ми-бемол қоса қырқылды. Осы ретпен,
кешкі сағат онға дейін әуреленді. Сағадағы ағаштан жапсырған екі пернеден өңге
он тоғыз пернені түгелімен қайта байлады. Бұл уақыт ішінде көшенің арғы бетіндегі
асханаға барып екі мәрте тамақтанып қайтты. Вера Васильевнамен екі-үш мәрте сөз
қатысты. Бөтен уақиға бола қойған жоқ. Тек, жіңішке, мықты шек саусақтарын
қиып тастапты, соны дүйім жұлын-жүйкесі, төбе-құйқасымен сезіне, бүгінгі
таңертеңнен кешке шейін, күн ұзаққа тындырған ісін өткізген уақытына шағып
есептеп, ызадан қарқылдап келіп бір күлді де, сағат он екілер шамасында төсегіне
қисайд