даятты Вера
Васильевна күйеуім деп таныстырды. Анау жым басыла қап, түнере бір қарады да
сөлбірейіп шығып жүре берді. Төменгі қабатқа түссе бүкіл подъезді басына көтеріп,
айқайлап бара жатты. Артынша Вера бұдан кешірім сұрады.
Бұрынғы пәтеріңен шығатын ойы болмайтын. Есігі бөлек, тыныш, жақсы еді.
Онда өткізген жыл жарым уақыты босқа өтпеді. Әндерінің көбін, ең шұрайлыларын
сонда жазды. Әрі көп нәрсе үйренді, Араққа да жолдаманы сол үйден алды. Өстіп,
түрлі өнердің сара жолына жаңа түскен дарынды жігіттің бейбіт өмірін Кемел
бұзды.
– Шық, мына үйден, көш!
– Не үшін? – Қайда деудің орнына не үшін деді.
– Сен құлдырап барасың! – Әне бұ да сенбейді деп ойлады Идаят.
– Жатақханаға жат.
– Жата алмаймын.
Күн суық-ты. Қар аппақ екен. Ауасы бұндай жақсы жерден пәтер тапқан өз
қадамының сәттілігіне тағы бір сүйсініп, қақпа табалдырығын аттай берген, Қасиба
қарсы шықты:
– Әкем-ау, үйің көшіп кетті ғой, баса-көктеп қайда барасың?– деп күлген
сияқтанды, сонсоң ерінін бұртита қойып,– тегі, адам құсап көшсең де болатын еді,
жабысып айырылмайды дедің бе? Құдайға шүкір, жеңгең тиын-тебенге зәру кісі
емес,– композитор түкке түсінбей мелшиді де қалды, Әлден уақытта барып есін
жиды.
– Қайда? Кім көшіпті?
– Па, шіркін, аңқаусымай-ақ қой, белгілі болды.
Садықжанов шәй пісірім сұрақ беріп әзер ұғынды. Үйін мана Кемел кеп
көшіріп әкетіпті. Сөйтіп, Қасиба жеңгесімен, ақыр соңында өкпелесіп қоштасқан.
Алдында дәйім иіліп-бүгілгің, қандай да болмасын, бір кішілік көрсеткің келіп
тұратын адамдар бар-ау, Вера Васильевна сондай. Ол саған үлкендік етпейді,
жазғырмайды. Сенің пәлендей жазып, жаңылған жерің жоқ сын-ды. Тек өз-өзіңнен
қуыстанасың да жүресің. Әрине, бұл жалғыз оларға, Вера тақылеттестерге ғана
емес, өзіңе, алған тәлім-тәрбиеңе, кісілігіңе байланысты шығар. Дегенмен, ғұмыры
біреуге ірілік, сондықтан кішілік те көрсетіп үйренбеген Идаят, Идаят басымен осы
әйелден күніне үш мәрте есебін тауып, кешірім сұраса тұла бойы жеңілейіп сала
беретін. Әлде аяп, ренжітіп алмайын деп үбектегеннен бе? Кім біледі.
– Мынауыңыз қалың емес пе? – Садықжанов шаруақорлығы ұстап, шелекке
тасталған картоп қабығын алақанына сап, аударып-төңкеріп көрсетті,– мұндайдан
жібере берсеңіз картобыңыздан ештеңе қалма. – Әйел мұның бетіне таңдана көз
тоқтатты, сон-соң жымиып қойды:
– Мен ешқашан жоқшылық көргем жоқ, көрем деп те ойлаған емен! – Бұ
сөздерді көріне көзге мақтанышпен айтты,– марқұм күйеуім, Валяның әкесі
табысты болды. Өзім де жұмыс еттім. О кезде біз үйде тамақ істеуге ерініп,
рестораннан ішетінбіз. Қолы ашық еді жарықтықтың. Ескі ақшаның кезі ғой, бір
сом, екі сомды алмайтын. Таксиге мінсе де солай, тастап кетіп жүрді. Өлеріне
көрініпті. – Мұндай тұста Вера Васильевнаның мол денесі, күрсінгені шығар, бір
көтеріліп басылады.
Қатты ішкен кісі ертесіне жалтақ, көңілшек, жағымпаз келеді. Жаңағы сөзді
Идаят Вера Васильевнаның картобын аяп айтпаған-ды. Өзінің байқағыштығымен
жетім-жесір әйелге ұнау, сөзге тарту, не әншейін қарым-қатынасты тексеру
мақсатында – кешегі ішкілік беделін түсірген жоқ па екен – соны аңғару үшін соға
салған. Сөзі күткен жерден шықты: Вера Васильевнаға іш тарта, жылыұшырай
қарады. Оңай сенетін кісіні кім жек көрсін!
– Сен, сіз түсінесіз бе,– деп қыздырады әңгімені Вера, бөксесін орындыққа
ырғап-ырғап тастап,– өліп кетті жазған. Өлім ойына кіріп шықпайтын. Дәрігерлер
бірден бастарын шайқады. Өле ме деп сұрадым, өледі деді. Сөйтіп өлді. Алты
айдан соң әлгі түлкіге күйеуге шықтым. Жас, сұлу едім. Түлкі жылмаңға салды.
Дүкенде капустаның кезегінде тұр едім, жабыса кетті. Жас, сұлу едім онда. Ал кеп
жармасты. Керең болғыр аздап ішіп апты. Мен күйеуі өлген қаралы әйелмін, тиіспе,
жайыңа жүр дедім, әлі құлағымда: е, өлсе жақсы бопты, царство ему небесное,
ендігі байың – мына мен, танып қой, Коля деп қолын ұсынды. Нағып өйткенімді
білеймін, мен де қолымды ұстата салыппын. Жас, сұлу едім. Содан, вы, ты,
понимаешь бір томалақ капуста алып үйге келдім. Анау қалмады. Қонақты, сіздер
қазақтар түсінеді, қуып жіберу ыңғайсыз, қуа алмадым... не керек, ертеңіне ЗАГС-
ке бардық. Бір жұма ойланып келіңдер деп қайтарды. Бір жұмадан кейін екеуіміз де
бармай қалдық. «Зачем,– дедік,– махаббат қағаз емес қой». Ішімнен сенбедім.
Түлкі ғой, түлкі. Таксидің шофері-тін. Қыз тасып жүргенін талай көрдім. Бірде
жоп-жорта: «манағың кім қасыңдағы» деп киліктім. «Жолаушы ғой» деді. Бірақ
қатты қысылғанын байқадым...
Өстіп, Вераның әңгімесі таусылмайды. Бір хикаядан бір хикая, бір күйеуден
бір күйеу жалғасып кетіп жатыр. Мұның іші пыса бастады, бір жағынан таңданды
да. Осы мені әйел деп шатыстырып отырған жоқ па? Еркекке бұл жыныс өстіп
ақтарыла ма екен? Осылай бір ойлаған. Артынша түсінген, кешірген сықылданды.
Вера Васильевна сырыққа құрық жалғап әкетіп барады:
– ...Бір күні жұмыстан ертерек шығып, бала бақшасынан баланы алдым.
Көр-жерімді көтеріп кіріп келсем, түлкі ғой, түлкі бір әйелмен төсекте... о