ақ мінін, кемістігін жасыруға жан
салады ғой, мұнда ол жоқ, қайта: мынау менің мінім, мықты екенсіңдер, осыдан-ақ
ажыратып көріңдер! дейтін сықылды, ылғи өзін-өзі ашып, жұртқа (әсіресе
Зібайраға) не ұнамаса, соны жария ғып, қолдап, қуаттап отыратын қыңырлығы
бар. Осының бәрі надандық. Баяғы ел-сел әңгімесі, әзіл-күлкісі бәрі сол, сол ауыл.
Сақау Сейсіметтің Садықжанов баяндайтын хикаяларының ішінде Зібайраға
ұнайтыны біреу ғана: Ол – Сейсіметтің әйелін арқалағаны.
Бұлар некелескен күннен-ақ келіншек айдаладан әлдекімді іздей бастады. Ол
анық. Кім екенін білмейді. Әйтеуір біреуді іздейді. Әйтеуір біреу жетпейтін сияқты.
Сөйтіп, көрінген еркектің бетіне жалтақтады да жүрді. О қылығын жас жұбай
өзінше ақтауға тырысты:
– Маған ешкім керек емес. Просто еркектерді изучать интересно! – Бірақ
ол кезде күйеуін жамандауға арланатын. Бұл шаруаны құрбы қыздары атқарды.
– Құлағы қалқиған, отырған орындығымен қырсық! – Сөйткен қыздарды
кейін өзі сендіре алмағанда ызадан жарыла жаздады. Зібайра қанша жамандаса,
аналар сонша мақтады. Біреуі, сірә, қызып кетсе керек, сұлу жігіт деп те жіберді.
Міне, енді бұған Зібайра төзбеді, одан сайын өршеленді. Бұрын мұңын қыздарға
шағатын. Бірте-бірте жігіттерге ауысты. Құрбы қыздар сенбеген, тыңдамаған
шеріне, бөтен жыныс қой, солар құлақ асар деген үміт-ті. Одан да ұтқаны шамалы.
Бәрі алғашында сенеді, не сенген сыңай танытады. Айналып келгенде, мұның өзін
кінәлі ғып тастап, бет-беттеріне кетеді. Әсіресе әлгі екі жігітке қатты ренжіді. Біреуі
Зібайраны қасына отырғызып ап, әрлі-берлі теңселіп, Идаяттың әндерін айтты.
Ол ит адам. Осыны дәлелдеу үшін бөгде кісілер алдында қанша налып, қанша
талды! Қанша жас төкті! Расында, оның ойынша, қалқан қара жаман, өйткені, өз
күйеуі! Бұдан артық не дәлел керек? Иә, бұдан артық не дәлел керек?
Жаратылысынан ақылсыз, өнерсіз жандар біреуді аласарту арқылы биіктен
көрінуге құмар ғой, Зібайра өзінің бет-аузынан өңге бұлдар қасиетінің шамалы
екенін іштей сезетін, бірақ қатарынан қалай да артық көрінуді қалады. Серік
таңдағанда қыздардың қайдағы бір кетік-сетіктерін ертеді. Қыли қыздың қасында
жаудырап отырсаң қалай көзге түспейсің?! Осы пиғыл, осы түсінікпен тиген күйеуі
– үміт ақтамады. Әсіресе соңғы кезде.
Осындай әуре-сарсаң қылық-мінездің бәрі, түптеп келгенде, тек қана өзін-өзі
ақтау, уақыт, дәуір көзімен қараса, бас кетер қылмысы болмағанмен қиянатын
жасыру мақсатында пендеге тән сасық эгоизмнен туған қасірет еді. Ал, уақыт бұл
сын-ды тұрлаусыз, жел-аяқ жандардың қандай да ұят, лас, ешқандай моральға
симайтын тірліктерін ақтайтын жаңа сөз, философия тауып берді: «жизнь такова!».
Бұл бір үлкен брезент жамылғы (созыла, ұлғая беретініне қарағанда, бәлкім, резина
шығар) тәрізді, астына сыймайтын зат жоқ, бәрін сыпырып бір-ақ жабады.
Идаяттың келіншегіне пәлендей көңілі толмағанына енді таңданбауға болады.
Әрі әйел заты шамшыл, өздерінің біреуі жайлы біздің не ойлайтынымызды білсе –
бәрінің мүйізі сырқырауы мүмкін. Еркектер хақында олардың не пікірде екенін,
қайсымызды қалай түсінегіндерін егжей-тегжейлі жазу одан да шатақ шаруа.
Өйткені, менің ойым мынау деп ешқайсысы ештеңені танып алмайды. Оған сене
беріңіз. Өзіңіз тіленіп, тағы бір мәрте ақымақ болғыңыз келсе, әлгі көп сұлудың
біріне сыпайы ғана: сіз осы кәзір былай ойлап отырсыз дей қойыңыз. Әйелдің
ішіндегіні білетін данышпан, иланыңыз, бұл дүниеде жоқ. Сондықтан, амалсыз,
ақымақ боласыз. «Жизнь такова!» Садықжанов қосағы жөнінде бір-ақ кісіге сырын
ақтарды: бар мән-жайды түсіндіріп атасына – қырсық қартқа хат жазды. Содан бес
күн өткен соң Зібайраны апарып салды...
Терезе алдындағы бұтаға тағы екі торғай кеп қонды. Екеуі де бөтен, жаңа
келісім, жаңа жұп. Чире-чери-чик – деді біреуі,– осы жерде отыра тұрайық.
Екіншісі: чик-чере-чик-чик – деді, отырғаннан жек көретінім жоқ. Чирик-чек-чек-
чирек,– көзің қандай мөлдір еді!– деді біріншісі. Анау: «Чирил-чике-чирр,– олай
қарамаңызшы маған! Өкпелеймін – деді. Енді шікің-шікің етіп, бір-бірінің мойын
жүндеріне тұмсықтарын сүртіп-сүртіп алды. Бұл терезені жауып теріс айналды.
Орынды ма, орынсыз ба кім біледі, әйтеуір, «жизнь такова» деп ойлады.
...Ол күні Зібайра ерте кеткен. Ерте оралды. Кіре берісте діндей боп буулы
тұрған екі қол сандықтан тар етегін көтере аттап, төрге озды. Идаят бір киері
үстінде дайын отыр еді, түрегеп күңк етті:
– Жинал! Ауылға жүреміз. – Содан Күреңөзекке жеткенше тіл қатысқан
жоқ. Таксиді есік алдына көлденең қойып, сандықшаларды үйге кіргізді. Қарт мм-
мі,– деді. Бұл қолын ұсынды. Қыңырдың аузы бұрыштанып кетті. Түкке түсінбей
аң-таң боп қалған қызын ішкі есікке итеріп кіргізді де, күйеу балаға басын изеді.
– Балта қайда, әй? Ағаш жарайын. – Идаят машинаға отырып жөнеле
берген, құлағына атасының осы сөздері шалынды.
Ауылдың ойлы-қырлы жолында шаңға бөккен көгілдір «Волганы» бір топ ит
шулап үріп, қоңыр қабақтан асырып салып еді.
9
Ғинақаңның хатын осы бүгін тағы бір оқып шыққан. Жәй, ауыз-екі айтыла
беретін,