ақаулары тұрады. Әйел тілінің сүйір ұшын кімге
арнаса да, қабақ жиырып, ауырсынатын баяғы бейшара – өз күйеуі.
– Еркек – деген сол. Былтыр Құзырғалидың үйінде сүмірейіп отырысы
жаман еді. Сонда нағыз күйеу баладан аумай қалды, әй.
– Бір сылқымды алған шығар. Ылғи сайтан мен сепелектің арасында...–
мұны айтқан әйел қаралай ыдырынып, қарсы алдында отырған өз күйеуіне тап
берді.
– Ау, маған нағыл дейсің? Жазығым не?
– Сен де солсың! Бәрің солсың!
Жігіттер сөз мәнін әзілге айналдырып, әңгімеден көз көре қашқалақтаған сайын
келіншектер тұс-тұстан шымши сөйлеп, бел алып бара жатты. Біреулер төмен қарап
жер шұқыды. Бәріне жымия, жылжи күліп, шыдап қалған Еділхан ғана. Осылай,
орталарынан шыққан бір баланың абырой-атағын жууға жиналған ауылдастар,
ақыры, түн ортасында сол баланы бір ауыздан жамандап тарасқан-ды.
8
Ертесіне Ғинақаң қызметтен түйіліп қайтты. Есіктен әлдекімді іздей кірді:
– Әлгі кім қайда? Кімі қайда бұл үйдің? – Әйелі атып тұрған, құрсағын
тізесіне соғып ап, қабағын шытты. Азаматының жүзіне таңырқай бір қарап,
жүрексіне тіл қатқан:
– Баллар ма? – Ғинақаңда он ұл, екі қыз – он екі бала бар-ды. Үлкені
оныншыны биыл бітіреді, кішісі бір жастан екі ай асқан. Сандықтағы бума-куәлік
қағазда бәрінің аты-жөні жазылған, әлгінде аузына соның бірі түспеді. Ылғи мөлдір
көз, қара торы балалардың бірінен-бірін ажырату... алдымен Ғинақаңның өзі
шатысады. Сондықтан біреуіне бірдеңе айту керек болса бәрін жинайтын. Ал,
көршілер? Балалардың өздерінен сұрап біледі. Бірақ Тәслима жеңгей бәрін түстеп
танитын-ды. Қартаяйын деді ме, о кісі де кейінгі кезде жаңылатын болып жүр.
Өйткені, балалар бірінің киімін бірі киетінді шығарды. Осы он екінің он бірі өз
аяқтарымен жүреді, сегізі оқиды. Он үшіншісі жеңгейдің құрсағында. Балшықтан
салынған алты бөлмелі үлкен үйден шұбырып шыға келгенде, алыстан қарасаң,
жиналыс тараған екен дерсің!
Жаңа Ғинақаң дауыстап қалғанда ішке қараған үш есік бірден ашылып,
әрқайсысынан бір-бір шоғыр бас көрінген.
– Әй, кім, төрем, бері келші бірің! – Балалар бір сәтке «сен бар, сен бар»
десіп, бірін бірі түртіп, күбір-сыбыр етісті, сонсоң кешелі-бүгінді кісі ұрсардай
қылық істемеген, ары таза біреуі батыл аттап, бөлмеге кірді.
– Жаз, төрем, отыр! – Бала не жазуды сұраған жоқ, столға қаздия
отырып, қағаз, қаламын дайындады. Ғинақаң әрлі-берлі сенделіп біраз жүріп алды,
сонсоң, баласының алдына кеп шірене, шабына тоқтады да қолын көтеріп:
– Жаз!– деп бұйырды,– жаз! Шетте жүрген шикі өкпе ініміз Идаят деп
жаз! Мұны жаздырып отырған ағаң Ғинаят деп жаз! – Бала ақ қағазға әріптерді тізе
жөнелді. Ғинаят кіндігі астына екі қолын айқастыра сап, өз қарнын өзі құшақтап,
теңселе басып жүріп кетті. Барып, осы бөлмеге кіретін үш есікті бір-бірлеп мұқият,
кіріктіре жауып қайтты. Түнде ұшқан құс қанатының сусылы секілді, қағаз бетінде
жорғалаған қалам үні осы минуттың аса мәнді, қайталанбас минут екенін
аңғартатындай, бір түрлі салтанатты, жұмбақ естіледі. Ғинақаң тыңдап тұра қалды.
Неткен сиқырлы үн! Сол қаламның, сол құдіреттің жазып жатқаны өзгенікі емес, өз
ойы, өз сөзі екені есіне келгенде көңілінің әлденендей алыс түкпірінде мақтаныш
туды. Кенет, әлгі үн сап болды да, бала мұрынын тарта түсіп, әкесіне қарады.
– Қане, төрем, оқышы, не дедің? – Қалам үнімен салыстырғанда өз үні
құлағына сонша дөрекі, дүң шалынды. Осыған таң боп бір сәт іркіліп қалды да,
ұлына бағыштап басын изеді. Анау шәңгір-шәңгір етті. Ғинаят бір орында, екі
аяғына кезек тұрып, екі-үш мәрте теңселіп алды. Сонсоң екі қолын артына, беліне
ұстап жүре бастаған. Қыртыс-қыртыс желкесі қызарып кетті. Енді бір сәтте:
– Шикі өкпе дегенді өшір!– деп кесті.
Хат осылай бір жазылып, бір өшіріліп, түн жарымында әрең бітті. Екі жарым
парақ қағаз Ғинақаңның қалтасында ұмытылып біраз жүрді, ақыры шет-шеті
түтіліп, иі, ажары кеткен соң ғана жөнелтілген...
Ол өзінің қарға тұяқ қол таңбасына сенбеп еді. Айтарының қағазға анық
түскен-түспегеніне әлі де күдікті, күпті көңілмен жолданған бұл хаттың «жоғары
жақта» жүрген інісіне қаншалықты әсер етерін ойлаған жоқ-ты.
Тәслима жеңгей отағасының нендей қауырт шаруамен шұғылданып жатқанын
жақсы білді. Үлкен бөлменің жабық есігіне қанша мазасыздана қарағанымен, ашып
кіруге батыл етпеді. Ерінің ойын бөлгісі келмеді. Әйелдігі ұстап кетіп, бір рет
тақтай есіктің сыртынан құлағын тосып, тың-тыңдаған. Ғинақаңның қоңыр, қою
даусы мен жеңіл мінез, шыдамсыз бала отырған орындықтың мазасыз сықырынан
өңге ештеңе ести алмады. Кешкі ас екі дүркін қайта жылытылған соң барып күйеуі
шықты: шытыңқы қабағына қарап аса мәнді іс тындырғанын сезді.
* * *
О күні Идаяттың көңіл-күйі нашар-ды. Ағасының хатын оқып, әуелі қарқылдап
кеп күлді, сонсоң ойланды, тағы күлді, тағы ойланды. Хаттың бүкіл мазмұны, рухы
санасына бірте-бірте жетті. Қайыра оқыды. Әр оқуы әлгінде аңғармаған жаңа
мазмұн, жаңа ой салды. Ағасы бір әке, бір шешеден үш ағайынды-тын. Ғинақаң –
ортаншысы. Ағайынды үш жігітте о