БЕТПЕ-БЕТ
Қасымжан – Қасымбек».
Бесінші тарау
Соңы
Хатты тағы да қарсы үйде оқыған. Бүгінгі, тіпті осы сағат бестен бергі
көңіл күйзелісі, жан азабына ортақ, онсыз да мылқау қабырғалар мынадан
кейін мүлде ұлып, иесізденіп кетті. Әлдеқайдан жылжып, жымысқыланып,
жалқылық пен жаттықтың желі есті. Соңғы он жылда тұрған үйі – өзіне
түрме, күніге құрығанда екі ашып, екі жапқан есігі – шойын қақпаға
ұқсады. Терезенің төрт көзі темір торлана, батар Күннің жақтауға түскен
ақырғы сәулесін ромбы-ромбы ғып қиып тастапты. Бұрыш-бұрышы
айқын, қатал, июге, шеңберлеуге келмейтін тәрізді. Неткен мейірімсіз
көрініс! Киіз үйдің жыртық босағасынан қаланың сәулетті пәтеріне шейін
келді, Күнсіз көрген күні жоқ, мөлдір әйнектен құйылған сәулені талай
қызықтады, талай қанағат тұтты. Кейде дүйім дүние шуағы нақ өзінің қос
жанарынан құлап жатқандай, жарық әлем, жалқын Күн үшін мақтанды...
ол оқуға өлеңмен кірген ақын кезі-тін. Ал қазір сол ғұмыр бойы жиған-
тергені, таныған-талғанының бәрі зая сияқтанды. Қолында сыртқы бетінің
бір ұшынан тұтылған көк дәптер, өңге парақтары төмен, саудырлай
төгіледі. Алысырақтан қа-расаң атып алған көгала құсын сыңар қанатынан
ұстап тұр екен дерсің...
Әуелі хаттың сырт ажарына – тіліне, стиліне назар аударды, пікірін
тарамдады. Ештеңені қаламсыз қарамайтын қашанғы әдетіне бағып,
қайсыбір тұстарына сұрау, леп белгілерін қойды. Мазмұн, деталь, кісі
аттарын қадағалауды мүлде ұмыт етті. Үш-төрт парақ аударған соң ғана
осынша ынталанып оқығанының, бар болғаны хат, бейтаныс биша-раның
тағдырын шаққан мұңы екенін есіне алды, сонда барып таңданды. Мұнысы
несі? Өзі кім? Тәкаппар ма, танты ма? Қайсысы болғанда да көп алдында
неге көкірек ұрады? «Міне мен қандай жігітпін – көріңдер, кім екенімді
бәріңнен өзім жақсы білем, жазаларың әлі де жетпей жатыр» дегені ме?
Өзі, асылы, сау кісі құсамайды, хал-жағдайын ойлай-ойлай ашынып, содан
есі ауысқан біреу сықылды, сорлы, сорлы! Бірақ бұл пікір де түйін боп
жарымады, жеке басына қанағат әкелмеді. Мұның қазіргі күйін
жеңілдететін де, ауырлататын да ештеңе аңғармады. Көк дәптерді жарты
ақыл бейбақ толтырғанның өзінде бұған қажет құпияны ашатын бірдеңе
болуға тиіс. Сөз жоқ, солай. Әйтпесе, әйелі мұнша неге әсерленді? Сөйтіп
хатқа екінші қайтара үңілген. Бұ жолы әр сөзге мән бере, сене бастады.
Неге екені беймәлім, дәптер әлгіндегіден гөрі мазмұнды, терең, әрі
шыншыл секілденді. Мұрынына Ақпан атты бауырмал шалдың күпісінің
иісі келгендей болды. Қасымбектей шолжың ұлдың балалық бақытына
қызықса, өгейлігін, асырандылығын аяныш қылды. Әсіресе осы
шындықтың бәрінің кейін, есейген шақта ашылуы қандай қиын. Еркектің
жылай алмайтын жаста таныған тұлдығы мен жетімдігінен ауыр не бар.
Бір түрлі жасып, сынығып жүре берді. Сол уақта тағдыр айдауындағы осы
бір жас жігіттен гөрі де өзін өгей, жетім әрі дәрменсіз санады. Сонау
ауылын, алыс қалған жастық кезін аңсады, қарапайым жандардың ақ
пейілін, дөрекілеу болса да өзімсінген қимыл-қылықтарын сағынды.
Қараптан-қарап қайта ширықты, сосын қайыра мүжілді. Бұрын, көбіне
тыныш, бүйтіп қобалжып-қопарылуы сирек жан еді, бүгін астаң-кестең
шықты. Қайда-ғыны қайдан ойлады? Мына хатты қайдан ғана оқи қойды?
Болмысты тексеріп, шындыққа көз жеткізбек-ті. Мұндай талаптың осынша
мазасыздық, мұқым қайғы-қасірет бере-рін қайдан біліпті?
Сонымен хатты тінти, тексере берді. Жігіт бір кезде журналист болуды
армандаған екен, бұл ішінен: «Еһе, өлең жазғаныңды ғой жасырып
отырсың,– деп ойлады. — Әлі талай құпияң болар, әйтеуір бір нәрсесін
көлегей-лемейтін көңіл болмайды». Өстіп бір тоқтады да, әрі қарай бажай-
лады. Сөздер бірін-бірі әрлеп, жұтынып әкетіп бара жатқан, кенет, бір сөз,
бір-ақ тіркес... Отырғызды да тастады. Ол сөз көмейіне көлденең тұрды.
Баяғыдан бергі сыйластық, сенім... О, байғұс көңіл, сен кімге, қашан
алданбап ең! Бірер минут демін ала алмады. Жандәрменкүн, галстугін
босатып, тамақ түймесін жұлқылаған, ағытылмады, жұлынып түсті –
бауырында жібі бар ақ түйме анадай жерге ыршып кетті.
Әлгі, сөздің белінен басқан бармағының басы дір қағады. Міне,
сұмдықтың көкесі! Жұмбақ енді шешілді, енді бәрі белгілі. Бір секундке
күдіктенген адамы қылмысының үстінен шыққан кәрі комиссардай
масайрап алды. «Е, бәлем, іліктің бе қолға!» Келесі секунд бұл сезімін
күйдіріп, күлге айналдырды.
Бармағын жаңағы сөздің белінен алып, қайта үңілді, сол қалпы, сол
бетсіз безер күйі. Дүниеде сөзден, сөзді бейнелеген әріптерден безбүйрек
не бар дейсіз, еш-қайсысы бүлк етпейді. Түсінің ақ болғаны үшін ғана
жазықты қағаз қасқаның бетіне тізіле қапты. Міне; «Шешем Ханшәйі».
Анау кірпігі қимылдап, екі дүниенің ортасында жатқан әйелдің бір көмбесі.
Қыздай алған қимасының тартқызған рақаты! Осы сәт үйдің бұрыш,
қабырғалары әлгідегіден бетер қатал, бетпақ көрінді. «Шешем Ханшәйі,
шешем Ханшәйі». Ал? Сенбейсің бе? Қайта оқы, хаттың сөзі ып-рас.
Шындықты бүйтіп қуалап, індете берсең, бұдан да сорақыға жолығасың,
сақ бол! Бір ойы өстіп тызылдатты. Ештеңені түсінгісі, кешіргісі келмеді,
тек